Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған оралдық спортшы Фатима Сұпығалиева дзюдодан алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Sportinform.kz порталы.

52 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз жарыс барысында барлық қарсыласынан басым түсіп, финалда Қырғызстан өкілі Милена Боруболотованы айқын басымдықпен – иппон тәсілі арқылы жеңіп, Азия чемпионы атағына қол жеткізді.
Бұл жеңіс – тек жеке спортшының емес, еліміздің де абыройын асқақтатқан зор жетістік. Жас спортшының бұл табысы жасөспірімдер арасындағы халықаралық ареналарда Қазақстан спортшыларының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алтыннан алқа таққан спортшы қызымызға қатысты БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов:
— Фатима Сұпығалиева болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларымыздың бірі. Оның жүйелі жаттығу жасауына, тұрақты жарыстарға қатысуына басқарма тарапынан бар жағдайыды жасап отырмыз. Сондай-ақ, БҚО Дзюдо федерациясы тарапынан да үздіксіз қолдау көрсетіліп келеді. Фатима жақын арада Жапонияға жаттығу жасауға аттанады. Денсаулығын қадағалап, дұрыс бағытта жаттығу жасау үшін аянып қалып жатқан жоқпыз. Оны алда үлкен додалар күтіп тұр. Әлем, Азия чемпионаттарына қатысып, жеңіске жететініне сенім мол. Бастысы, Олимпиада ойындарында еліміздің көк туын көтеретін спортшыларымыздың бірі ретінде барлық жағдайды жасаймыз. — деген пікір білдірді.

Фатима Сұпығалиева – бұған дейін де бірнеше республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарған дарынды спортшы. Азия ойындарындағы бұл жетістік – оның спорттық жолындағы ірі белестердің бірі.
Материалды дайындаған: Алмас АСЫЛБЕК


