«Северсталь» астаналықтармен кездесуге екі бірдей өз алаңындағы жеңілістен кейін шығады. Өткен турда Андрей Козыревтің ойыншылары «Металлургке» (2:5) жол берген еді. Қожайындар сапында қос шайбаны командадағы үздік бомбардир Руслан Абросимов (5+1) соқты. Қақпашылар Александр Самойлов пен Всеволод Скотников қарсыластардың қақпаға бағыттаған 21 соққысын қайтарды. Бас бапкердің айтуынша, екінші кезеңде үш рет айып алаңына түскеннен кейін ойын тізгінін қолдан шығарып алған.

Маусымның алғашқы бес кездесуінде «Северсталь» төрт ұпай жинады. Жоғарыда аталған Абросимов қазіргі таңда чемпионаттағы үздік снайперлердің қатарында. Ал жарақат салдарынан қақпашы Константин Шостак, қорғаушылар Томас Грегуар мен Артём Щучинов және шабуылшы Данил Веряев қатардан тыс қалды.
Өз кезегінде өткен турда «Барыс» та «Металлургтен» (1:5) жеңіліп қалды. Қазақстандық команданы да айып минуттары көп жағдайда тығырыққа тіреді. Астаналықтардың жалғыз шайбасын Джейк Масси соғып, КХЛ-дегі алғашқы голын тіркеді. Эмиль Галимов ұпай жинау сериясын бес ойынға жеткізді. Ал ең нәтижелі ойыншы Майкл Веккьоне (3+4) өзінің сәтті сериясын жалғастыра алмады – 88-нөмір буллитті жүзеге асыра алмады. Қақпашы Андрей Шутов қатарынан бесінші ойынға қатысып, 32 сейв жасады. Михаил Кравецтің айтуынша, команда айыптар кесірінен ойын қарқынын жоғалтып алды, әйтсе де «5 қарсы 5» форматында гол соғатын сәттер жеткілікті болған.
Қазіргі таңда «Барыстың» еншісінде бес матчтан кейін алты ұпай бар. Жақын күндері жарақат алған Алихан Асетов та қатарға қосылады.
«Северсталь» – «Барыс» ойыны Астана уақытымен 19:00-де басталады.
Матчтың тікелей эфирін KHL және KHL Prime телеарналарынан көруге болады.
Ақпараттық ресурс: https://hcbarys.kz/
«Барыс» ХК бас серіктесі – «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ
«Барыс» ХК серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ


