
2026 жылдың 3-10 тамыз аралығында Алматы қаласы әлемдік университет шахматының орталығына айналады. Қазақстанның ең ірі мегаполисінде университеттер арасындағы алғашқы FIDE командалық әлем чемпионатының (FIDE World University Team Chess Championship) финалы өтеді.
Жарысқа 16 университет командасы қатысады. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж, Гарвард сияқты көпғасырлық академиялық тарихы мен бай шахматтық дәстүрі бар іргелі жоғары оқу орындары бар. Аталған университеттердің шахмат клубтарының құрылғанына бір жарым ғасырдан асқан. Олардың командалары тек жетекші білім ордаларының ғана емес, сонымен бірге университет шахматы тарихындағы тұтас бір дәуірдің символы болып табылады.
Бұл турнирдің ұйымдастырылуы Қазақстан мен FIDE арасындағы ауқымды серіктестіктің заңды жалғасы іспетті. 2025 жылы қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE президенті Аркадий Дворковичпен кездесу өткізген болатын. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Қазақстанда ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру және бірлескен шахмат жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті шахматтың тек спорт түрі ғана емес, сонымен бірге интеллектуалды мәдениеттің, тәрбие мен білім берудің маңызды құрамдас бөлігі екенін ерекше атап өтті. Бүгінде елімізде шахмат инфрақұрылымын дамытуға, бұл ойынды балалар мен жастар арасында дәріптеуге айрықша көңіл бөлініп келеді.
«FIDE-нің мұндай форматтағы алғашқы чемпионатын өткізу, біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Таңдаудың Қазақстанға түсуі еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы жоғары беделі мен сенімінің айқын дәлелі. Университеттер арасындағы шахмат додасы спорт шеңберінен шығып, кең ауқымды ынтымақтастыққа жол ашатыны өте маңызды. Бүгін шахмат тақтасының басында отырған жастар, арада он жыл өткенде ірі компаниялар мен мемлекеттік институттарды басқаратын тұлғалар. Студенттік шақта орнаған байланыстар әдетте ең берік әрі ұзақ мерзімді болады. Турнир кестесінен тыс қалатын ең басты нәтиже де осы. Мұндай тарихи оқиға үшін Алматы қаласы ең лайықты таңдау. Бұл – республикамыздың ең ірі студенттік орталығы, жастармен өз тілінде сөйлесе алатын қала. Біз қатысушылардың турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп қана қоймай, Қазақстанның қонақжайлылығын сезінгенін қалаймыз. Жылдар өткен соң олардың бірі жаңа жоба бастау немесе бизнес ашу туралы шешім қабылдағанда, елімізді ерекше ықыласпен еске алса, мақсатымыздың орындалғаны», – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Бір алаңда Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа және Азия университеттерінің өкілдері бас қосады. Ұйымдастырушылар финалдық кезеңде барлық континенттердің университет командалары бақ сынауы үшін қатысушылар географиясын барынша кеңейту бағытында жұмыс істеуде.
«Бұл чемпионат озық академиялық және шахматтық тарихы бар университеттердің басын қосады. Алматыға шахмат клубтарының тарихы 150 жылдан асқан жоғары оқу орындарының өкілдері келеді. Іріктеу кезеңдеріне 49 елден барлығы 79 команда қатысты. Мұндай ауқым турнирдің халықаралық мәртебесі жоғары екенін дәлелдейді және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі интеллектуалды жарыстарды қабылдауға қауқарлы ел ретіндегі позициясын нығайта түседі», – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Студенттік шахмат бағдарламалары мықты дамыған АҚШ жоғары оқу орындарының қатысуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Saint Louis University, Webster University және University of Texas at Dallas командалары АҚШ-тағы ең ірі жоғары оқу орындары арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Ал өз елімізде өтетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ ұлттық спорт университеті қорғайды.
«Қазақстанда жастардың сапалы білім алуы, өз қабілеттерін дамытуы және жоғары нәтижелерге қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалуда. Шахмат стратегиялық ойлауды, тәртіпті, жауапкершілікті және шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады. Біздің университеттердің студенттері үшін өз елімізде өтетін әлем чемпионаты ең жоғары деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтап, қазақстандық жастардың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерімен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын дәлелдеуге берілген бірегей мүмкіндік», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Финалдық кезеңге 16 команда жиналады: олардың сегізі онлайн-іріктеу қорытындысы бойынша жолдама алса, тағы сегіз команда FIDE мен ұйымдастырушылардың арнайы шақыруына ие болды.
Бірінші кезеңде қатысушылар төрт топқа бөлінеді. Әр топтан ең үздік шыққан екі команда плей-офф кезеңіне өтіп, ширек финал, жартылай финал және медальдар үшін өтетін шешуші матчтарда бақ сынайды.
Әр кездесу төрт тақтада өтеді. Регламентке сәйкес, әр команданың ойыншылар құрамында кем дегенде бір ер адам және бір әйел адам болуы тиіс. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 50 мың еуроны құрайды.
Университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатынан бөлек, 4-5 тамыз күндері Алматыда тағы бір ауқымды халықаралық дода ұйымдастырылады: шахматтан Қазақстан құрамасы мен Әлем құрамасы (18 жасқа дейінгі) өзара бас қосады.
Әр ұжым сапында жеті шахматшыдан (алты негізгі және бір қосалқы ойыншы) бақ сынайды. Матчтар ерлер мен әйелдер арасында 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі санаттар бойынша өтеді.
Жарысқа барлығы 24 жас шахматшы қатысып, ойындар 12 тақтада өтеді. Бұл дода қазақстандық спортшылар үшін әлемнің ең үздік жас шеберлерімен күш сынасып, өз шеберлігін шыңдауға таптырмас мүмкіндік болмақ. Ал көрермендер әлемдік шахматтың болашақ жұлдыздарының тартысты бәсекесін өз көзімен көре алады.
Бұл чемпионат тек әлемдік титул үшін күрес қана емес, сонымен қатар әртүрлі елдердің жетекші білім беру орталықтарының атынан келген жас интеллектуалды көшбасшылардың бас қосу орнына айналады. Шараны өткізу Алматы мен Қазақстанның әлемдік шахмат картасындағы позициясын нығайтып, еліміздегі университет спортының дамуына жаңа серпін бермек.
Жарысты ұйымдастырушылар: Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі, Freedom Holding Corp. және Lichess.org.


