Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Атырауда Atyrau Open 2026 халықаралық шахмат фестивалі мәресіне жетті. Басты Masters турнирінде Армениядан келген гроссмейстер Эмин Оганян топ жарды. Күміс жүлдені Қытай өкілі Цзян Хаочэнь еншілесе, қола медаль грузиялық гроссмейстер Баадур Джобаваға бұйырды. Қазақстандық шахматшылар арасында ең үздік нәтижені бесінші орынға табан тіреген Алдияр Ансат көрсетті.
Фестиваль 12–20 қазан аралығында «Атырау» көрме орталығында өтіп, классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан кубогының қорытынды, үшінші кезеңі болды. Бағдарлама аясында Masters және Open турнирлері ұйымдастырылды. Катысушылар классикалық уақыт бақылауымен швейцариялық жүйе бойынша тоғыз тур ойнады.
«Турнирдің өту деңгейіне көңіліміз толады. Атырауға әлемнің әр түкпірінен шахматшылар жиналды. Олардың арасында Гата Камский сияқты танымал гроссмейстерлер мен отандық шеберлеріміз бар. Солардың бірі Атыраудың жас шахматшысы, Қазақстан чемпионы әрі шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері Зарина Нұрғалиева. Бұл бәсеке отандық спортшыларымыз үшін шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік берді.
Негізгі нәтижелердің бірі Атырау облысының әкімдігімен Atyrau Open турнирін дәстүрлі түрде өткізу туралы келісімге қол жеткізгеніміз. Келесі жылы да бұл доданы Қазақстан кубогының кезеңі ретінде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, әкімдік пен Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен Атырауда халықаралық деңгейдегі шахмат мектебін ашу жөнінде уағдаластық. Сондай-ақ бүгін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде шахмат кабинетін аштық. Бұл — студенттердің шахмат ойнап, шыңдалуына арналған тағы бір маңызды алаң. Сондықтан мұндай кабинеттің ашылуын үлкен жетістік деп білеміз», — деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Masters және Open турнирлеріне әртүрлі елден 200-ден астам шахматшы, соның ішінде 32 гроссмейстер қатысты. Өнер көрсеткендер арасында Өзбекстан құрамасы құрамындағы Олимпиада чемпионы атанған Шамсиддин Вохидов пен Жахонгир Вахидов, белгілі гроссмейстерлер Гата Камский, Аркадий Найдич, Санан Сюгиров, сондай-ақ Үндістанның мықты шахматшылары Леон Люк Мендонка, Адитья Миттал және Пранав Ананд бар.
Тоғыз кезеңнің қорытындысы бойынша Masters турнирінде Эмин Оганян дара шықты. Бастапқы тізімде 20-шы нөмірмен тіркелген армениялық гроссмейстер рейтингі жоғары қарсыластарын басып озып, 9 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді.
«Қарсыластар өте мықты болып, әр партия тартысты өтті. Дегенмен көшбасшылықты қолға алып, оны соңына дейін сақтап қала алдым. Жалпы, қазақстандық шахматшылардың әлеуеті өте жоғары, мұнда мықты мектеп қалыптасқан. Рейтингі төмен болғанымен, өте шебер ойнайтын спортшылар бар, олармен өткен кездесулер оңайға соққан жоқ», — деп әсерімен бөлісті Эмин Оганян.
Турнирді бастапқы тізімде 30-шы нөмірмен бастаған қытайлық халықаралық шебер Цзян Хаочэнь екінші орынды иеленіп, күміс жүлдесі үшін 7 миллион теңге алды. Ал жарыстың ең тәжірибелі қатысушыларының бірі, грузиялық гроссмейстер Баадур Джобава үшінші орынға табан тіреді. Оның жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.
Masters турнирінде әйелдер арасында да бөлек марапаттар тағайындалды. Қызылордалық Әсел Серікбай әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетті. Екінші жүлде үндістандық Вантика Агравалға, ал үшінші орын бұдан бір ай бұрын Самарқандта өткен шахмат Олимпиадасында ұлттық құрама құрамында күміс жүлде иеленген Қазақстанның чемпионы Зарина Нұрғалиеваға бұйырды.
Отандық қатысушылар арасындағы арнайы жүлделерге Мұртас Қажғалиев, Ораш Шоназаров және Әлішер Сүлейменов ие болды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар Эло рейтингінің 2500–2599, 2400–2499 және 2300–2399 санаттары бойынша үздік шыққан шахматшыларды марапаттады.
Open турнирінде астаналық Сәтбек Ахмединов жеңіске жетті. Жетісу облысынан келген Әлихан Қажатұлы екінші, ал семейлік Арыстан Исанжулов үшінші орынды иеленді.
Atyrau Open 2026 турнирінің кепілдендірілген жалпы жүлде қоры 50 миллион теңгені құрады. Оның 45 миллионы Masters, ал 5 миллионы Open турниріне бөлінді.
Атыраудағы бұл бәсеке классикалық шахматтан Қазақстан кубогының іріктеу кезеңдерін қорытындылады. Бірінші кезең маусым айында Ақтөбеде өтіп, онда америкалық гроссмейстер Эндрю Хонг жеңіске жеткен еді. Шілде айында Өскеменде ұйымдастырылған екінші кезеңде Андрей Есипенко топ жарды.
Үш кезеңнің қорытынды ұпайлары бойынша Қазақстан кубогының финалына жолдама алатын 6 ер және 6 әйел шахматшы анықталады. Тағы 6 қатысушы Қазақстан шахмат федерациясы Президиумының шешімімен Жастар мен ересектер жаттықтырушылар кеңесінің ұсынысы негізінде таңдалады. Kazakhstan Chess Cup 2026 финалы 1–13 желтоқсан аралығында өтеді.
Фестиваль аясында балалар арасында блиц-турнир және шахмат жаттықтырушылары мен оқытушыларына арналған семинар ұйымдастырылды. 20 қазанда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өңірдегі шахмат қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, профессор Ғабдрахман Айдаралиев атындағы шахмат клубы ашылды. Ал 21 қазанға гроссмейстер Жахонгир Вахидовтың қатысуымен бірмезгілде ойын сеансын өткізу жоспарланған.
Фестивальді ұйымдастырушылар: Атырау облысының әкімдігі, Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы және Қазақстан шахмат федерациясы.
Турнир серіктестері: KSI PetroGasServices, Dalaro Overseas Limited, BI Group, ELEVATE, INFINITY GROUP.
Ақпараттық серіктестер: Бірінші арна Еуразия, ÚLT, DKN (Деловой Казахстан), BES.media, SPORTINFORM, SPORT+, QAZAQSTAN, QAZSPORT, NEWTIMES, KURSIV, ChessBase.


