
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Norway Chess-2026 əйелдер турнирінің төртінші турында қазіргі əлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді (Қытай) тізе бүктірді. Классикалық партия 40-шы жүрісте тең аяқталып, одан кейін қарсыластар «армагеддон» ойнады. Онда Асаубаева 34-ші жүрісте мат қойып, 3 ұпайдың 1,5 ұпайын еншіледі.
Асаубаева ақ фигуралармен ойнады. Алғашқы жүрістерден бастап ол қарсыласына қысым көрсеткенімен, Цзюй Вэньцзюнь алмастыру арқылы жағдайды теңестірді. 40-шы жүрісте тараптар тең ойынды тіркеді.
Армагеддонда ақтарға 10 минут, қараларға 7 минут беріледі. Ойын тең аяқталған жағдайда жеңіс қарамен ойнаған қатысушыға есептеледі. Қазақстандық шахматшы партияны дəл жүргізіп, 34-ші жүрісте матпен жеңіске жетті.
Бұл Асаубаеваның турнирдегі үшінші жеңісті матчы. Бірінші турда ол Үндістан өкілі Хампи Конеруды жеңіп, ең жоғары ұпай еншілеген болатын (классикалық ойында басым түсті). Екінші турда армагеддонда Чжу Цзиньэрді (Қытай) басып озды.
Төрт турдың қорытындысы бойынша Асаубаева 7 ұпаймен көш бастап тұр. Дивья Дешмукх (Үндістан), Чжу Цзиньэр (Қытай) жəне Анна Музычук (Украина) 5,5 ұпаймен екінші жəне төртінші орындарды бөлісуде. Цзюй Вэньцзюнь бесінші (4 ұпай), Хампи Конеру алтыншы орында (3 ұпай).
Norway Chess — 2026 турнирі Осло қаласында 25 мамыр мен 6 маусым аралығында өтуде. Əйелдер турниріне алты қатысушы бақ сынауда. Асаубаева ұйымдастырушылардан жеке шақырту алды. Ұпай жүйесі: классикадағы жеңіс – 3 ұпай, армагеддондағы жеңіс – 1,5, армагеддондағы жеңіліс – 1, классикадағы жеңіліс – 0 ұпай. Жүлде қоры – 1 700 000 норвегиялық крон (шамамен 157 000 доллар). 30 мамыр күні өтетін бесінші турда Асаубаева Анна Музычукпен кездеседі.


