
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Қазақстанның әйелдер шахматын қолдау мен дамытуға қосқан сүбелі үлесін жоғары бағалады. Осыған байланысты Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры, әрі FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының (WOM) мүшесі Гүлмира Дәулетова әлемде әйелдер шахматын насихаттаудағы нәтижелі еңбегі үшін FIDE-нің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Марапаттау рәсімі 22 қыркүйекте, 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы мен FIDE Конгресі аясында өткен FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының (WOM) жылдық отырысында өтті. Дәстүрлі жиынның негізгі тақырыбы «Beyond the Board: Women, Innovation and the Business of Chess» («Тақтадан тыс: әйелдер, инновациялар және шахмат бизнесі»). Айта кетерлігі, бұл бағытта табысты көш бастап, шахмат арқылы биік белестерді бағындырудың айқын үлгісін дәл осы Гүлмира Дәулетова көрсетіп келеді.
Гүлмира Дәулетова Қазақстан шахмат федерациясында 2015 жылдан бері қызмет етіп, 2022 жылдың қарашасынан бастап атқарушы директор лауазымын атқарып келеді. Ол әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, бойжеткендер арасындағы Азия чемпионы және Азия ұлттары кубогының жүлдегері. Сондай-ақ жеті Олимпиада мен үш әлем чемпионатына қатысып, көптеген халықаралық турнирде топ жарған. Спорттық жетістіктерімен қатар, ол 2–4 сынып оқушыларына арналған «Шахмат» оқу-әдістемелік құралының авторы, әрі мұғалімдер мен балаларды оқытуға арналған онлайн-платформа курстарының әзірлеушісі. Бұған қоса, оның жарыстарды ұйымдастырушыларға берілетін FIDE-нің ең жоғары мәртебесі – «халықаралық ұйымдастырушы» атағы бар.
«Сіздің бүкіл әлемде әйелдер шахматын қолдау мен ілгерілетуге сіңірген еңбегіңізді құрметтей отырып тапсырылады», – делінген FIDE Басқарма төрағасының орынбасары Дана Рейзниеце мен FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының төрайымы Трис-Энн Ричардс қол қойған марапатта.
Бұл марапат Қазақстан шахмат федерациясы жүргізіп отырған жүйелі саясаттың жемісі. ҚШФ қызметінің басты басымдықтарының бірі – әйелдер шахматын өркендету және барлық спортшыларға бірдей тең мүмкіндіктер беру. Осы ұстанымға сай, федерация ел ішінде өткізетін турнирлерде ерлер мен әйелдер үшін бірдей жүлде қорын белгілеген. Сонымен бірге ұлттық құрама мүшелерімен қатар, жас шахматшылар да тұрақты қолдаумен қамтамасыз етіліп келеді.
«Қазақстанда әйелдер шахматын дамытуға баса мән беріледі. Ел чемпионатында ерлер мен әйелдердің жүлде қоры теңестірілген. Бұл, сөзсіз, біз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар әйелдерге арналған ауқымды іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Әлемдік деңгейдегі әйелдер Бас жүлде кезеңін өткізуіміз де осы стратегиялық бағытымызды айқындайды. Ұлттық құрамаға, дарынды жастарымызға гранттар бөліп, бойжеткендерді қолдаудың озық жүйесін қалыптастырдық. Еңбегімді жоғары бағалағаны үшін Халықаралық шахмат федерациясына шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ осы бастамалардың барлығына қолдау білдіріп отырған ҚШФ президенті Тимур Турловқа ризашылығымды білдіремін», – дейді Гүлмира Дәулетова.
Бұдан бөлек, федерация әйелдер шахматын бұқаралық ету мақсатында Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған Qazaq Queens Chess Fest фестивалін тұрақты түрде өткізіп келеді. Сондай-ақ FIDE мен WOM ұйымдастыратын Queen’s Gambit Challenge, Queens and Princesses Festival, Chess Mom, Chess for Protection, Chess Marathon және Chess4All сияқты беделді халықаралық жобаларға белсене қатысады.
Осы кешенді жұмыстардың оң нәтижесі халықаралық аренада да айқын көрініс табуда. Бүгінде Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдегі ең мықты құрамалардың қатарынан берік орын алды. Отандық шахматшылар 2023 жылғы командалық әлем чемпионатында және 2024 жылы Будапештте өткен 45-ші Олимпиадада күміс жүлде иеленді. Ал Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы бастапқы рейтингі бойынша турнирдің басты үміткерлерінің бірі болып отыр.
Отандық тәжірибенің халықаралық деңгейде танылуы FIDE президентін сайлау қарсаңында ерекше мәнге ие болып отыр. Себебі 26 қыркүйекте өтетін сайлауда Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов FIDE басшысы лауазымына өз кандидатурасын ұсынған болатын.
Соңғы жылдардағы жетістіктер Қазақстанның әлемдік шахмат қауымдастығына ұсынатын әлеуеті зор екенін дәлелдеді. Бұл – спортшылардың жоғары нәтижелері ғана емес, сонымен бірге дарынды жастарды тәрбиелеу жүйесі, халықаралық турнирлерді ұйымдастыру сапасы және маңызды әлеуметтік бастамалар.
Гүлмира Дәулетоваға берілген бұл марапат отандық шахмат мектебінің әлемдік деңгейде мойындалғанының дәлелі. Бүгінде Қазақстан халықаралық озық тәжірибені бойына сіңіріп қана қоймай, шахматты дамытудың өзіндік тиімді үлгілерін де ұсына алатын деңгейге жетті.


