Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Самарқандта 15 қыркүйекте 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы басталады. Қазақстандық спортшылар Өзбекстанға келіп жетті және дүбірлі бәсекеде бақ сынауға сақадай сай.
Самарқандтағы Олимпиада қатысушы командалар саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп, шахмат тарихындағы ең ауқымды турнир болғалы тұр. Жарысқа қатысатынын 400 құрама растады: Open (ашық) санатында 208 команда, ал әйелдер арасында 192 команда бәсекеге түседі. Бұл Будапеште өткен Олимпиада-2024 рекордынан 20 командаға артық. Самарқандтағы 46-шы шахмат Олимпиадасында Қазақстан намысын екі құрама – әйелдер және ерлер командалары қорғайды. Қазақстанның әйелдер құрамасы әлемдегі ең үздік командалардың бірі саналады. Өткен Олимпиадада отандық шахматшы арулар күміс жүлде иеленген еді. Бұл жолғы Олимпиаданың бастапқы рейтингінде Қазақстан әйелдер құрамасы 3-ші орында тұр және жүлдеге басты үміткерлердің бірі. Әйелдер құрамасының капитаны әрі бас бапкері, халықаралық гроссмейстер Павел Коцур.
46-шы шахмат Олимпиадасындағы Қазақстан әйелдер құрамасының құрамы:
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Бибісара АСАУБАЕВА
2004 жылы 26 ақпанда туған. Гроссмейстер (2025). Ең жоғары Эло рейтингі – 2538 (2026 жылдың шілдесі). Әлемдік шахмат тәж турнирінің күміс жүлдегері (2026). Блицтен үш дүркін әлем чемпионы (2021, 2022, 2025), рапидтен әлем вице-чемпионы (2021). FIDE Grand Swiss 2025 бәсекесінің қола жүлдегері. Әлем кубогының қатысушысы: 2021 ж. 1/8 финал, 2023 ж. 1/16 финал. Азия чемпионы — 2021 (онлайн). ФИДЕ әйелдер Бас жүлденің үш кезеңінде жүлдегер атанған (2023, 2024). Қазақстан құрамасы сапында шахмат Олимпиадасының (2024) және командалық әлем чемпионатының (2023) күміс жүлдегері, Азия оюндарының (2023) қола жүлдегері. ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2023). Мемлекеттік марапаттары: ІІ дәрежелі «Барыс» ордені (2025), ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені (2024), «Шапағат» медалі (2019).
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева Олимпиадаға әлемнің ең мықты шахматшыларының бірі ретінде қатысып отыр. Биыл ол үміткерлер турнирінің күміс жүлдегері атанды, ал екі жыл бұрын құрамамен бірге Будапешт Олимпиадасында тарихи күміс еншілеген еді.
«Олимпиадаға керемет көңіл-күймен және жоғары мотивациямен келдім. Негізгі мақсат – өзімнің ең үздік ойынымды көрсету, әр партияда соңына дейін күресу және Қазақстан намысын абыроймен қорғау», – дейді Бибісара Асаубаева.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Алуа НҰРМАН
2007 жылы 25 сәуірде туған. Халықаралық шебер (2026). Ең жоғары Эло рейтингі 2455 (2026 жылдың қыркүйегі). Әйелдер арасында блицтен Азия чемпионы — 2025. Әлем вице-чемпионы (2019, U12), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023, U16). Қазақстанның екі дүркін вице-чемпионы (2022, 2023). Қазақстан құрамасы сапында шахмат Олимпиадасының (2024) және командалық әлем чемпионатының (2023) күміс жүлдегері.
Алуа Нұрман үшін Самарқандтағы Олимпиада мансабындағы екінші Олимпиада болмақ. Екі жыл бұрын Будапеште күміс жүлде алған құрама сапында ол да болған еді. Жаңа турнир алдында спортшы тиянақты дайындықты ғана емес, команда ішіндегі ерекше атмосфераны да атап өтті.
«Оқу-жаттығу жиыны өте тамаша өтті, командада айрықша достық атмосфера орнады. Күн сайын балалармен жиналып, түрлі ойындар ойнадық, спортпен шұғылдандық. Кесте тығыз болғанымен, шаршаған жоқпыз, керісінше, Олимпиада алдында күш жинап алдық. Бұл Олимпиадаға жаңа қырдан қарауға тырысамын, бар мүмкіндігімді көрсеткім келеді. Әрине, жеңіске деген ұмтылыс жоғары. Негізгі қарсыластарымыз – Үндістан, Қытай және Грузия құрамалары. Бұл елдерден әрдайым мықты құрам жиналады. Өткен Олимпиададағыдай, бұл жолы да олар басты бәсекелестеріміз болады», – дейді Алуа Нұрман.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Меруерт КАМАЛИДЕНОВА
2005 жылы 3 тамызда туған. Халықаралық шебер (2024). Ең жоғары Эло рейтингі 2427 (2022 жылдың сәуірі). Әлем кубогының қатысушысы (2025 ж. 1/8 финал). Әлем чемпионы (2019, U14), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022, U20). Қазақстан құрамасы сапында шахмат Олимпиадасының (2024) және командалық әлем чемпионатының (2023) күміс жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері (Ханчжоу, 2023). Blizt бойынша командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2025, KazChess командасы сапында). 2025 жылғы әйелдер құрамалары арасындағы Әлем чемпионатында 2-ші тақтадағы ең үздік нәтижесі үшін жеке алтын медаль иеленген. КНУС командасы сапында Университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатының қола жүлдегері (2026). Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2021, 2022).
Меруерт Камалиденованың да өткен Олимпиададан тәжірибесі бар. Оның айтуынша, бұл жолы құрама сапында жинаған тәжірибесі сенімдірек өнер көрсетуге көмектеседі.
«Дайындық өте нәтижелі өтті. Үмітіміз бен мақсатымыз – ең жоғары көрсеткіш, бірақ турнир кезінде бұған тым қатты назарды бұрмаймыз. Құрамамыз барлық командалармен кездесіп үлгерген, олармен күрес тәжірибесі бар. Содан да болар, өзімізді сенімді ұстаймын. Бұл менің екінші Олимпиадам болғандықтан, өзімді тәжірибем жақсы деп сезінемін. Алғашқысында қобалжу болса, қазір ондай уайым жоқ. Командалық турнирдің өзіндік жеке сипаты бар: ұжым болып ойнасақ та, әркім өз тақтасына жауап береді, сондықтан өз партиямызға көбірек көңіл бөлеміз. Егер әрқайсымыз жақсы ойнап, өз үлесімізді қоссақ, команда да жеңіске жетеді», – дейді Меруерт Камалиденова.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Елназ ҚАЛИАХМЕТ
2010 жылы 17 қыркүйекте туған. Әйелдер арасындағы халықаралық шебер (2025). Ең жоғары Эло рейтингі 2347 (2026 жылдың қыркүйегі). ФИДЕ 3.4 Азия аймағының вице-чемпионы (2025). Әлем кубогының қатысушысы (2025 ж. 1/16 финал). Әлем вице-чемпионы (2023, U14), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2024, U16). Блицтен әлем чемпионы (2024, U14), рапид пен блицтен әлем чемпионы (2025, U16), рапидтен әлем чемпионы (2026, U16). KazChess командасы сапында блицтен командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2025). Әлем чемпионатында 2025 жылғы әйелдер құрамалары арасындағы 6-шы тақтадағы ең үздік нәтижесі үшін алтын медаль иеленген. 14 жас 8 айында ел біріншілігінің ең жас жеңімпазы атанып, Қазақстан чемпионы болды (2025). ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2026).
Елназ Қалиахмет өзінің 16 жасқа толған туған күнін Олимпиадада тойлайды. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы шахмат Олимпиадасы болмақ. Құрамадағы ең жас қатысушылардың бірі болғанына қарамастан, оның қоржынында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының жеңістері мен ірі командалық турнирлердегі тәжірибесі бар.
«Сәл толқыныс бар шығар, бірақ жалпы дайынмын, бәріміз жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын. Маған команда сапында ойнаған ұнайды, бірақ бұл үлкен жауапкершілік, себебі тек өзіңді емес, тұтас ел намысын қорғайсың. Ондағы барлық құрамалар өте мықты, сондықтан сәл уайымдайтыным рас, десек те тек жақсы ойын көрсетуді ойлап жүрмін. Бұл Олимпиада мен үшін бұған дейін қатысып жүрген турнирлер сияқты, сондықтан дайындық та әдеттегі ырғақпен өтуде», – дейді Елназ Қалиахмет.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Зарина НҰРҒАЛИЕВА
2009 жылы 9 қазанда туған. Әйелдер арасындағы халықаралық шебер (2025). Ең жоғары Эло рейтингі 2344 (2025 жылдың тамызы). Әлем чемпионатында 2025 жылғы әйелдер құрамалары арасындағы 5-ші тақтада көрсеткен нәтижесі үшін қола медаль иеленген. Әлем чемпионы (2022, U14). 18 жасқа дейінгі қыздар арасында блицтен әлем чемпионы (2026). Қазақстан-2 командасы сапында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер шахмат Олимпиадасының қола жүлдегері (2025), Алматы РФШМ сапында мектеп командалары арасындағы Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2023, 2025). Қазақстан чемпионы (2026).
Ересектер Олимпиадасының тағы бір дебютанты 16 жасар Зарина Нұрғалиева. Биыл ол Қазақстан чемпионы атанып, 18 жасқа дейінгі бойжеткендер арасында блицтен әлем чемпионатын жеңіп алды. Самарқандта шахматшы ең алдымен өз ойынына барынша назар аударуды көздейді.
«Жаттығу жиындары өте жоғары деңгейде өтті, бәріміз тыңғылықты дайындалдық. Мен өз тарапымнан ең үздік шахмат ойынымды көрсетуге тырысамын және ол үшін бар күшімді саламын. Олимпиададағы барлық командалар мықты, сондықтан әр қарсыласқа қарсы барынша жинақы әрі сәтті ойнау керек. Жақсы нәтижеге жету үшін нәтиже туралы ойлай бермей, ойыннан шабыт алып, өзіңнің ойыныңа назар бұру керек деп ойлаймын. Командалық жарыстардың жауапкершілігі жоғары, әрі салмағы да екі есе», – дейді Зарина Нұрғалиева.
46-шы Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасындағы Қазақстан ерлер құрамасының құрамы:
Қазақстан ерлер құрамасы жарысты 35-ші номермен бастайды. Команда сапында ересектер Олимпиадасында алғаш рет бақ сынайтын үш дебютант бар: Даниял Сапенов, Жандос Ағманов және Сауат Нұрғалиев. Сонымен қатар, Денис Махнёв өзінің үшінші Олимпиадасына қатысса, Алдияр Ансат екінші рет бақ сынайды. Команда капитаны, гроссмейстер Әнуар Исмағамбетов.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Денис МАХНЁВ
2000 жылы 20 ақпанда туған. Гроссмейстер (2021). Ең жоғары Эло рейтингі 2568 (2026 жылдың тамызы). 2018 және 2024 жылдардағы шахмат Олимпиадаларының қатысушысы. Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2021, 2024), Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2018, 2025). Қазақстан Кубогының жеңімпазы (2024). Блицтен Азия чемпионатының қола жүлдегері (2023).
Денис Махнёв ерлер (Open) құрамасының ең тәжірибелі ойыншысы. Ерлер құрамасының көшбасшысы, елдің екі дүркін чемпионы үшін бұл үшінші шахмат Олимпиадасы. Ол осы жолғы доданы алғашқы дебютіне қарағанда басқа көңіл-күймен қарсы алуда.
«Жеке өзім үшін дайындық жиыны өте жақсы өтті. Өз бетімше де, бапкерлермен де дайындалдым, Олимпиадаға деген ынтамыз да, көңіл-күйіміз де өте жоғары. Жеке мақсаттар жоқ. Біз бір командамыз, тек шахмат ойнап, жоғары шеберлік көрсетуіміз керек. Алғашқы Олимпиадамда қатты толқыған едім, командада ең жасы мен болдым, бәрі қызық көрінгенімен, команданы жолда қалдырамын ба деп қорықтым. Ал қазір есейдім, ешқандай уайым жоқ, тек алға ұмтылу мақсаты тұр», – дейді Денис Махнёв.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Даниял САПЕНОВ
2008 жылы 2 қазанда туған. Халықаралық шебер (2025). Ең жоғары Эло рейтингі 2510 (2026 жылдың қыркүйегі). Блицтен әлем чемпионы (2024, U16), рапидтен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023, 2024, U16). Блицтен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2025, U18). Рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2026, U18). Ересектер арасындағы шахмат Олимпиадасының дебютанты.
17 жасар Даниял Сапенов алғаш рет ересектер Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайды. Команданың ең жас қатысушыларының бірі командалық турнирде жауапкершілік жүгі ерекше сезілетінін жасырмайды.
«Жаттығу өте нәтижелі өтті. Олимпиадаға өзім де, команда да көтеріңкі көңіл-күймен бара жатырмыз. Командалық турнирлердің жүгі ауырлау, өйткені жауапкершілік жоғары және ұжымды ұятқа қалдырғың келмейді. Жеке турнирде ұтылсаң, тек өзіңе жауап бересің, ал мұнда бүкіл команда зардап шегеді. Сондықтан мүмкіндігінше ұтылмай, команда қоржынына ұпай салуды қалаймын», – дейді Даниял Сапенов.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Жандос АҒМАНОВ
2000 жылы 25 қаңтарда туған. Гроссмейстер (2026). Ең жоғары Эло рейтингі 2501 (2026 жылдың маусымы). Қазақстан чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (2021, 2024, 2026). Пардубицеде өткен Czech Open-2023 турнирінің жеңімпазы. Ересектер арасындағы шахмат Олимпиадасының дебютанты.
Самарқандтағы Олимпиада Жандос Ағманов үшін де алғашқы Олимпиада болмақ. Осы жылдың тамыз айында гроссмейстер атағын алған шахматшы енді ұлттық құрама сапында басты командалық додада бағын сынайды.
«Бұл – менің алғашқы Олимпиадам, алғаш рет қатысқалы тұрмын. Дайындық өте тамаша өтті. Бапкерлер көп болды, партияларды да, дебюттерді да талдадық, көп есептер шығардық. Дайынбыз деп ойлаймын. Көңіл-күй тамаша, өйткені өте ұйымшыл әрі ашық команда жиналды. Ал мақсатқа келсек, шыны керек, алдымызға асыра үлкен мақсаттар қоймаймыз. Барынша жоғары деңгейде ойнауға тырысамыз. Әлемнің үздік 10 командасының қатарына кіретін ұжымдармен, мысалы Үндістан құрамасымен ойнау өте қызық болар еді», – дейді Жандос Ағманов.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Алдияр АНСАТ
2008 жылы 15 шілдеде туған. Гроссмейстер (2026). Ең жоғары Эло рейтингі 2500 (2026 жылдың шілдесі). Шахмат Олимпиадасының қатысушысы (2024). Қазақстан чемпионы (2023) 15 жасында ел біріншілігінің ең жас жеңімпазы атанды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2024, U18). 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында рапидтен әлем чемпионы (2026). KazChess командасы сапында блицтен командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2025), сондай-ақ 6-шы тақтадағы екінші нәтижесі үшін күміс медаль еншілеген. 17 жасында ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды (2025).
Алдияр Ансат үшін бұл – ересектер арасындағы екінші Олимпиада. Өткен турнирден бергі екі жыл ішінде ол гроссмейстер атанып, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында рапидтен әлем чемпионы болып үлгерді. Самарқандта Алдияр әлемнің ең мықты құрамаларымен матчтарда мол тәжірибе жинауды көздейді.
«Арнайы шақырылған бапкерлер болды, сонымен қатар блиц-турнир өтті. Дайындық жиындары өте қызықты ұйымдастырылды. Молынан тәжірибе жинадық. Олимпиадаға жақсы, жауынгерлік рухпен бара жатырмыз. Нақты бір шектеулі мақсат жоқ, жақсы ойын көрсеткіміз келеді. Қашқақтайтын қарсылас жоқ, керісінше, мықты командалармен мүмкіндігінше көп партия ойнағым келеді. Бұл біз үшін өте пайдалы тәжірибе болады деп есептеймін», – дейді Алдияр Ансат.
Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы
Сауат НҰРҒАЛИЕВ
2010 жылы 16 қыркүйекте туған. Халықаралық шебер (2024). Ең жоғары Эло рейтингі 2493 (2026 жылдың тамызы). Қазақстан чемпионы-2026. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2025, U16), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2024, U14 және 2026, U16). 16 жасқа дейінгі Жасөспірімдер шахмат Олимпиадасының (2022) 5-ші тақтадағы алтын медаль иегері, 2025 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасының 1-ші тақтадағы қола медаль иегері. Ересектер арасындағы шахмат Олимпиадасының дебютанты.
Сауат Нұрғалиев ерлер құрамасының ең жас қатысушысы Олимпиада 16 жасқа толады. Қазақстанның қолданыстағы чемпионы үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы олимпиадалық дода. Ол басты міндеттердің бірі ретінде бүкіл команданың жоғары деңгейде өнер көрсетуін атайды.
«Жаттығу жиындары керемет өтті. Мұнда жеті бапкер келді. Көп тәжірибе жинақтадым. Сонымен қатар командаластарыммен танысып, дос болып кеттік. Сондықтан тамаша командалық жұмыс пен ұжымдық рухтың арқасында Олимпиададағы ойынымыз өте сәтті болады деп сенемін. Команданы ұятқа қалдырмау үшін жақсы ойын көрсетуді мақсат еттім. Ал жеке мақсатым команданың үздік ондыққа (топ-10) кіруіне көмектесу», – дейді Сауат Нұрғалиев.
Қазақстан құрамасы өз сапында тәжірибелі көшбасшылар мен жас шахматшылардың жаңа буынын тоғыстырған. Команданың бір бөлігі үшін Самарқанд әлемнің басты командалық турниріндегі алғашқы додасы болса, енді бір бөлігі бұған дейін Олимпиадалар мен ірі халықаралық жарыстарға қатысқан.
Олимпиадада жүлделерден бөлек үш командалық кубок сарапқа салынады. Open турнирінің жеңімпаздарына Гамильтон-Расселл кубогы, әйелдер турнирінің жеңімпаздарына Вера Менчик кубогы, ал екі секция бойынша ең үздік жиынтық нәтиже көрсеткен федерацияға Нона Гаприндашвили кубогы беріледі.
Салтанатты ашылу рәсімі 15 қыркүйекте өтеді. Спортшылар алғашқы партияларын 16 қыркүйекте ойнайды, жарыс 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 турда екі секцияда (Open және әйелдер) өтеді. Әр матчта команда сапынан төрт шахматшы ойнайды, ал бір спортшы қосалқы құрамда қалады.


