
Италияның Монтесильвано қаласында FIDE 2026 жылғы Жастар арасындағы әлем шахмат чемпионаты (U14, U16 және U18 жас топтары) жалғасуда. Әр топта екі санат (Open және Girls) бар.
Чемпионаттың аяқталуына үш тур қалды және дәл осы финиш кезеңі шешуші болмақ. Қазақстандық шахматшылар көшбасшылар мен қуғыншылар тобында тұр. Турнир швейцар жүйесі бойынша, классикалық уақыт бақылауымен өтуде: алғашқы 40 жүріске 90 минут + қалған уақытқа 30 минут, әр жүріске 30 секунд қосымша. 8 тур аяқталды, алты санаттың бесеуінде қазақстандықтар медальға үміткер болып отыр.
Girls U14 санатында біздің шахматшылардың ішінде ең жақсы нәтижені Ханзада Аманжол мен Әкерке Молдағали көрсетіп тұр — әрқайсысы 5 ұпайдан. Топ көшбасшысы, әзірбайжандық Захра Аллахвердиде 7 ұпай бар.
Open U14 санатында Қазақстанның бірден екі үміткері алтынға таласып отыр: Марк Смирнов 7 ұпаймен көш бастап тұр, 2–3-орындарда Данис Қуандықұлы (6,5 ұпай). 9-турда Марк Смирнов пен Данис Қуандықұлы бір-бірімен кездеседі. Еске сала кетсек, Диас Қуандықұлы 2023 жылы U10, 2024 жылы U12 жасында әлем чемпионы болған, ал Марк — 2022 жылы U10 вице-чемпионы, 2024 жылы U12 және 2025 жылы U14 чемпионы.
Girls U16 санатында медальға үміткер — Елназ Қалиахмет. Ол 6 ұпай жинап, 4–9-орындар арасында тұр. Сондай-ақ үміткерлер қатарында Мария Холявко (5,5 ұпай). Қытайлық Цзян Тяньюй 7,5 ұпаймен көш бастап тұр, бірақ нәтижелердің тығыздығы соңғы турларда интриганы сақтап отыр.
Open U16 санатында жағдай өте шиеленісті: 1-орын мен 39-орынды небәрі 1,5 ұпай бөліп тұр. Қазақстан бұл топта бірден бірнеше ойыншымен көзге түсіп, медальдық бәсекеге қосылуы мүмкін. Алдияр Жауынбай мен Сауат Нұрғалиев — 5,5 ұпайдан, Дінмұхаммед Төлеңдінов пен Назар Талғатов — 5 ұпайдан.
Girls U18 санатында елдің басты үміті — 2026 жылғы Қазақстан чемпионкасы Зарина Нұрғалиева мен Жания Науанова. 8 турдан кейін Заринада 5,5 ұпай, Жанияда 5 ұпай бар.
Open U18 санатында жоғары орындар үшін Эдгар Мамедов күресуде. Ол 6 ұпай жинап, 4–10-орындар арасында. Өткен жылы ол U16 жасында әлем чемпионы болған еді, енді жаңа жас тобында табысын қайталауға тырысуда. Сондай-ақ Мирас Асылов (5,5 ұпай), Сұлтанбейбарыс Думанұлы, Асман Баянтас және Алан Петухов (5 ұпайдан) лидерлерді қуып жетуге мүмкіндіктері бар.
2026 жылғы жастар арасындағы әлем шахмат чемпионатына (U14, U16, U18) 85 ел мен аумақтан 742 жас шахматшы қатысуда. Қазақстан құрамасы — ең көп сандылардың бірі, ол 35 спортшыдан құралған. Соңғы үш тур қазақстандықтардың қайсысы жүлделі орынға көтерілетінін анықтайды.


