Сурет: Ruslan Mazunin
Астанадағы «Хилтон» қонақүйінде KazChess Awards 2026 ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Бұл — елдегі ең ірі шахмат шарасы. Бір сахнада әлем чемпиондары, бапкерлер, төрешілер, өңір өкілдері және халықаралық спорт қауымдастығының мәртебелі қонақтары бас қосты. Бірнеше жылдың ішінде бұл салтанатты рәсім ауқымы жағынан Оскармен салыстыруға болатын нағыз мерекеге айналды. Айырмашылығы — мұнда кино емес, интеллект пен стратегиялық ойлау ұлықталады.
Кешті FLAME STARS би ұжымы «Ренессанс» қойылымымен ашты. Бұл атау бекер таңдалмаған, өйткені соңғы бірнеше жылда қазақстандық шахмат дәл осындай жаңғыру кезеңін бастан өткеріп келеді. Қонақтар қатарында спортшылар, бапкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, журналистер мен меценаттар болды. Қазақстанда шахмат әлдеқашан тар аяда ғана талқыланатын тақырып болудан қалды.
KazChess Awards – бұл тек жылдың үздіктерін марапаттау рәсімі ғана емес. 2023 жылдың қаңтарында басталған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсететін алаң. Үш жылдан сәл астам уақыт ішінде қазақстандық шахмат танымастай өзгерді. 2023 жылы халықаралық жарыстарда 126 медаль, 2024 жылы – 160, ал 2025 жылы 162 медаль жеңіп алынды. Осы көрсеткіштердің әрқайсысы сол кеште табысталған мүсіншелердің берік негізіне айналды.
Кештің мәртебесін қонақтардың құрамы айрықша айқындады. Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев атынан жолданған құттықтау хатын Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп оқып берді. Параспортшыларға марапаттарды ІІМ министрінің орынбасары, генерал-майор Айдар Сайтбеков табыстады. «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы аясындағы номинацияларды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мен Оқу-ағарту министрлігі аппаратының жетекшісі Айдос Жолманов тапсырды. Ал салтанатты кештің финалдық номинацияларын FIDE президенті Аркадий Дворкович жариялады. Ұлттық спорт сыйлығының рәсімінде мұндай деңгейдегі қонақтардың бас қосуы кез келген спорт түрі үшін сирек құбылыс.
Салтанатты рәсім ақын, дипломат, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры әрі Қазақстан шахмат федерациясының тарихындағы алғашқы президент – Олжас Сүлейменовтің құттықтау хатымен ашылды.. Өз хатында Олжас Омарұлы:
«Алдағы жылдары да Тимур Турловтың жетекшілігіндегі Қазақстан шахмат федерациясы шахматты дамыту жолындағы маңызды миссиясын жалғастырып, ел болашағына қажет ірі жобаларды жүзеге асырады деп сенемін. Тек бірге болып, бір-бірімізді қолдау арқылы ғана өз биігімізге көтерілеміз. Өзара тәуелділіктің бұл формуласы жеке адамдардың да, халықтар мен мемлекеттердің де өмірлік тәжірибесінде дәлелденген», – деп жазды.
Сүлейменовтің сөздері бүкіл кештің негізгі мазмұнын айқындады: шахмат – жай ғана спорт емес, адам мен қоғамды дамытудың маңызды құралы.
Кештің қорытынды номинацияларын FIDE президенті Аркадий Дворкович жариялады. Оның қатысуы Қазақстанның әлемдік шахмат картасында берік орын алғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Халықаралық шахмат федерациясының президенті өз сөзінде:
«Қазақстан көптеген адамдардың, соның ішінде бүгін марапатталған жандардың орасан еңбегінің арқасында әлемдік шахмат көшбасшыларының біріне айналды. Бүгінде Қазақстан шахматты қалай дамыту керектігі жөнінде өзге елдер мен әлемдегі шахмат қауымдастықтарына үлгі көрсетіп отыр», — деді.
Бұл сөздердің астарында нақты нәтижелер тұр. Соңғы үш жылда халықаралық турнирлерде жүздеген медаль жеңіп алынды, командалық әлем чемпионаты бағындырылды, әлемнің әртүрлі елдеріндегі жасөспірімдер санаттарында чемпиондық атақтар иеленді. Қазақстандық балалар мен жасөспірімдер ұлттық шахматтың басты қозғаушы күшіне айналды. Дәл осыны Дворкович басқа мемлекеттерге үлгі ретінде атап өтті.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өзінің құттықтау сөзінде сыйлықтың философиясын және жалпы қазақстандық шахматта болып жатқан өзгерістердің мәнін атап өтті:
«Біз KazChess Awards-ты ешқашан жай ғана ресми кеш ретінде көрген емеспіз. Ол ұлттық шахмат экожүйесінде еңбек етіп жүрген жандардың барлығына арналған шынайы мереке болғанын қаладық. Биыл біз дәл сондай ерекше атмосфераны қалыптастыра алғанымызға толық көзім жетті. Біз мұнда тек жаңалық алмасу үшін емес, қазақстандық шахматты алға жылжытып жүрген адамдарды марапаттау үшін жиналамыз. Олар – спортшылар мен бапкерлерден бастап, төрешілерге, менеджерлерге және өңірлердегі балаларға шахмат үйретіп жүрген педагогтерге дейінгі мамандар. Әрқайсының өз міндеті, өз жауапкершілігі, өз сынағы бар. Бірақ барлығымыздың мақсатымыз ортақ – Қазақстанды шахматта да, одан тыс салаларда да күшейту», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
KazChess Awards – бұл жетістіктердің қорытындысын көрсететін алаң. Үш жыл бұрын елдің шахмат федерациясы жүйелі жаңғыруды бастады: мектептер мен жоғары оқу орындарындағы бағдарламалар, өңірлерді қолдау, қаржыландырудың ашықтығы және жастарға басымдық беру. Бүгінде «Хилтон» залында осы өзгерістердің жүзеге асуына үлес қосқан адамдар отырды, оның ішінде – бапкерлер, педагогтер, функционерлер мен төрешілер. Олар үшін бұл сыйлық жай формальді марапат емес, атқарылған жұмыстың нақты нәтиже бергенінің мойындалуы болды.
Медальдардың артындағы жүйе: жас таланттарды қолдау бағдарламасы
Чемпиондардың қалай қалыптасатынын түсіну үшін екі бағытты нақты ажыратып қарау қажет – спорттық және білім беру бағыты. Бұлар мақсаттары да, аудиториясы да әртүрлі салалар, алайда бір-бірін өзара толықтырып, күшейтіп отырады.
Бірінші бағыт – 16 жасқа дейінгі спортшыларға арналған Жас таланттарды қолдау бағдарламасы. Бұл – гранттар, оқу-жаттығу жиындары, халықаралық турнирлерге қатысу және бапкерлермен жүйелі жұмыс. Болашақ гроссмейстерлер мен чемпиондар дәл осы ортада қалыптасады. 2024 жылы ұлттық құрама сапындағы 18 спортшыға 454 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, 2025 жылы 21 спортшыға 425 миллион теңге бөлінді. Соңғы үш жылда қазақстандық шахматшылар, яғни жасөспірімдер, ересектер және сеньорлар ресми халықаралық жарыстарда жалпы саны 448 медаль жеңіп алды.
Нәтижелер өздігінен-ақ көп нәрсені аңғартады. Бибісара Асаубаева – блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы. Әйелдер құрамасы 2024 жылы Будапештте өткен Олимпиадада күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан тарихындағы тұңғыш осындай нәтижеге қол жеткізді. Қазыбек Нөгербек – U20 санаты бойынша әлем чемпионы. Алиша Бисалиева бірден бірнеше жас санатында әлем чемпионы атанды. Эдгар Мамедов пен Марк Смирнов 2025 жылы жастар арасындағы әлем чемпиондары болды. Соңғы үш жылда федерацияның қолдауымен 5 жаңа гроссмейстер мен 15 халықаралық шебер шықты.
«Білім берудегі шахмат»: 1500 мектеп және 60 000 бала
Екінші бағыт – «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы. Оны спорттық дайындықпен шатастырмаған жөн. Мұндағы мақсат мүлде басқа: чемпион тәрбиелеу емес, елдегі әрбір балаға шахматты ойлау қабілетін дамытатын құрал ретінде қолжетімді ету.
Мемлекеттің 2023-2027 жылдарға арналған Шахматты дамытудың кешенді жоспары бойынша 1400 мектепті қамту межесі мерзімінен бұрын орындалды. Бүгінде бағдарламаға елдің барлық өңірінен 1500-ден астам мектеп пен 60 000-нан астам бала қатысуда. 2800 бастауыш сынып мұғалімі арнайы оқытудан өтті. 2025-2026 оқу жылында бес педагогикалық жоғары оқу орнының 204 студенті арнайы Minor бағдарламасы бойынша білім ала бастады. Университеттермен 14 меморандумға қол қойылды. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп алты студенттік турнир ұйымдастырылды.
2025 жылдың қыркүйегінде Алматыда III Халықаралық «Білім берудегі шахмат» конференциясы өтті. Оған әртүрлі елдерден келген 281 сарапшы қатысты. Конференция барысында цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде шахматтың адамның дағдыларын дамытуға әсері талқыланды. Бұл енді жергілікті бастама ғана емес, Қазақстан көшбасшылардың біріне айналған жаһандық тренд.
Сондықтан KazChess Awards аясында «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік мұғалімі, үздік жоғары оқу орны және үздік функционері арнайы марапатталады. Олар болашақ гроссмейстерлермен емес, елдің түкпір-түкпіріндегі қарапайым мектептердегі балалармен жұмыс істейтін мамандар. Бұл номинациялар бойынша марапаттарды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мен Оқу-ағарту министрлігі аппаратының жетекшісі Айдос Жолманов табыстады. Салтанатты рәсімге салалық министрлік өкілдерінің қатысуы мемлекеттің бұл бағдарламаға қаншалықты маңызды мән беретінін айқын көрсетті.
Марапаттар қалай табысталды
Кеш барысында ерекше эмоцияға толы сәттер аз болған жоқ. Соның ішіндегі ең әсерлісі, сөзсіз, сегіз жастағы Алиша Бисалиеваға Тоқтар Әубәкіров атындағы «Жыл үміті» арнайы сыйлығының табысталуы болды. Мүсіншені Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің өзі тапсырды. Оның сөйлеген сөзі де сәттің ауқымына сай әсерлі шықты. Ал сахнаға кішкентай әлем чемпионы көтерілген кезде, залдағы жүздеген ересек көрермен орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты. Мұндай сәттерді қолдан ұйымдастыру мүмкін емес.
«Жыл юниорлары» номинациясын бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова табыстады. Марапат Эдгар Мамедов пен Елназ Қалиахметке бұйырды. Эдгар спорттық жолының басынан бері Маңғыстау облысының намысын қорғап келеді, бұл жетістікте өңірлік спорт құрылымдарының көпжылдық қолдауы маңызды рөл атқарды.
Зал ерекше ықыласпен қарсы алған бөлімдердің бірі – параспортшыларға арналған марапаттар болды. «Ерекше спортшылар» санаты бойынша бірден үш номинация ұсынылды. Мүсіншелерді ІІМ министрінің орынбасары, генерал-майор Айдар Сайтбеков табыстады. Лауреаттар қатарында көру қабілеті бойынша шектеуі бар Ерлан Нұрхаев және қозғалыс мүмкіндігі шектеулі Айғаным Камбарова болды. Айғаным 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған II шахмат Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионатының да жеңімпазы атанды. Бұл – қазақстандық спорттың жыл ішіндегі ең жарқын жетістіктерінің бірі.
KazChess Awards 2026 лауреаттарының толық тізімі:
- «Ерекше спортшылар» (көру қабілеті бойынша шектеуі бар) – Ерлан Нұрхаев
- «Ерекше спортшылар» (қозғалыс мүмкіндігі шектеулі) – Айғаным Камбарова
- «Ерекше спортшылар» (есту қабілеті бойынша шектеуі бар) – Нина Жуковская
- «Жыл юниоры» (ұлдар, 18 жасқа дейін) – Эдгар Мамедов
- «Жыл юниоры» (қыздар, 18 жасқа дейін) – Елназ Қалиахмет
- «Үздік ардагерлер» – Марат Примбетов, Инна Матвеева-Попрукайло
- «ҚШФ-ның үздік филиалы» – Қазақстан шахмат федерациясының Алматы қалалық филиалы
- «Үздік жас төреші» – Ақжан Шопанов
- «Жылдың шахмат амбассадоры» – Әлия Әшім және Данил Ли
- «Медиа саласындағы жылдың серіктесі» – Первый канал Евразия (Альмира Кульмухамедова)
- «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік функционері – Айтимова Гүлнұр Ерсайынқызы
- «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
- «Білім берудегі шахмат» бағдарламасының үздік мұғалімі» – Меруерт Темирова (Астана) және Саркытбекова Орынтай (Семей)
- «Жыл командасы» (Олжас Сүлейменов атындағы сыйлық) – KazChess командасы, рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатының жеңімпаздары: Дармен Садвакасов, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет, Ислам Айтен; команда капитаны – Гүлмира Дәулетова
- «Жыл үміті» (Тоқтар Әубәкіров атындағы сыйлық) – Алиша Бисалиева
- «Жыл қызметкері» – Раушан Құлахметова
- «Жылдың үздік спортшысы» (Анатолий Уфимцев атындағы сыйлық, әйелдер арасында) – Бибісара Асаубаева
- «Жылдың үздік спортшысы» (Анатолий Уфимцев атындағы сыйлық, ерлер арасында) – Алдияр Ансат
Әлем чемпиондарын дайындауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар келесі бапкерлерге табысталды: Александр Кашашвили, Александр Моисеенко, Ануар Исмагамбетов, Борис Грачев, Евгений Владимиров, Ержан Шәкенов, Ильдар Хайруллин, Қуаныш Сисабаев және Лиана Танжарикова.
Сондай-ақ алғыс хаттар халықаралық төреші Каусар Бауыржанға және Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетована табысталды.
Өңірлер туралы көп айтылды
KazChess Awards дәстүрлі түрде назарды тек елордадағы жұлдыздарға ғана аудармайды. Үздік жоғары оқу орны, үздік мектеп және үздік өңірлік филиалға арналған жеке номинациялар шахматтың дамуы тек екі қалада шоғырланбай, бүкіл ел аумағында жүріп жатқанын көрсетеді. Бұл — федерацияның ұстанымды көзқарасы. Мұны лауреаттардың құрамынан да анық байқауға болады: жеңімпаздар Ақтаудан, Семейден, Алматыдан шықты. Яғни, қазақстандық шахмат барлық деңгейде дамып келеді.
Өңірлік тәсіл инфрақұрылымнан да көрінеді. 2025 жылға қарай Қазақстан шахмат федерациясы еліміздің барлық 17 облыс орталығында және республикалық маңызы бар үш қалада толыққанды филиалдар желісін қалыптастыруды аяқтады. Олар орталықтандырылған қаржыландыру және есеп беру жүйесімен жұмыс істейді. Бүгінде «Шахматты Қазақстан» ұғымы жай ғана метафора емес, елдің бүкіл картасын қамтитын тиімді басқару жүйесіне айналды.
ҚР чемпионатының финалынан бірден сахнаға
Қазақстан шахматының бүгінгі қарқынын айқын көрсететін бір жайт — жұлдыз спортшылардың басым бөлігі KazChess Awards 2026 рәсіміне классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының финалынан бірден келді. Турнир салтанатты кеш басталардан небәрі бірнеше сағат бұрын ғана аяқталған болатын. Елдің жаңа чемпиондары – тегі бір, бірақ әртүрлі жас санатындағы екі жас шахматшы: 15 жастағы Сауат Нұрғалиев және 16 жастағы Зарина Нұрғалиева атанды. Чемпиондық атаққа жету үшін олар ұлттық құраманың мүшелері мен елдің үздік ойыншыларын жеңіп шықты.
Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы – небәрі он бес жастағы спортшы. Бұл кездейсоқ жарқ етіп шыққан дара вундеркинд емес, жас таланттарды қолдау жүйесінің, мықты бапкерлік мектептің және тұрақты турнирлік тәжірибенің нәтижесі. Сауат Нұрғалиев – Эдгар Мамедов, Зарина Нұрғалиева, Алиша Бисалиева секілді жаңа буын өкілдерінің қатарында. Олардың жетістігінің артында тек жеке талант қана емес, үш жыл бұрын болмаған тұтас инфрақұрылым тұр.
Кеш бойы сахнадан айтылған негізгі ой да осы болды. Шахмат мектептері, амбассадорлар, өңірлердегі педагогтер мен федерацияның ашық қаржыландыру жүйесі не үшін қажет екені дәл осындай мысалдар арқылы анық көрінеді. Соңғы үш жылда KazChess Awards номинацияларының саны 9-дан 19-ға дейін өсті, бұл да кездейсоқ емес. Назарға ілігетін адамдар қатары кеңейген сайын, чемпиондарды қалыптастыратын іргетас та нығая түседі.
Қазір өсіп келе жатқан буынның амбициясы жоғары, олар әлемдік шахматтың биіктерін бағындыруға дайын. Бұл – тек бір кештің ғана емес, Қазақстандағы шахмат спортын дамытуға бағытталған бірнеше жылдық жүйелі жұмыстың басты қорытындысы.


