
Монтесильванода U14, U16 жəне U18 жас санаттарындағы ұлдар мен қыздар арасындағы классикалық шахмат бойынша 2026 жылғы əлем чемпионаты басталды. FIDE-нің негізгі жастар турниріндегі бірі 15–26 маусым аралығында Pala Dean Martin конгресс- орталығында өтуде.
Биыл чемпионатқа 85 ел мен аумақтан 758 жас шахматшы қатысуда. Олардың арасында 2 гроссмейстер (қазақстандық Эдгар Мамедов жəне норвегиялық Аксель Бу Квалой), 22 халықаралық шебер, 1 əйел гроссмейстер жəне 14 əйел халықаралық шебер бар.
Қатысушылар швейцариялық жүйе бойынша 11 тур ойнайды. Уақыт регламенті: алғашқы 40 жүріске 90 минут, содан соң партияның аяғына дейін 30 минут, бірінші жүрістен бастап əр жүріске 30 секунд қосымша беріледі.
Қазақстан чемпионатта барлық жас санаттарында өкіл сайлаған. Құрамда бұрыннан танымал жас лидерлер де, Монтесильвано турнирі үлкен халықаралық серпіліске айналуы мүмкін шахматшылар да бар.
G14 санатында Қазақстан атынан Ақнұр Мамақова, Далия Диасқызы, Хaнзада Аманжол, Əкерке Молдағали, Əдия Жəніс, Əлима Өмірсерік жəне Медина Жақенова ойнайды. O14 санатында қазақстандықтар топ ішіндегі үздіктер қатарында: стартық тізімнің алғашқы үш нөмірі — Марк Смирнов, Алишер Абдсаттар жəне Данис Қуандықұлы. Бұл санатта сондай-ақ Алдияр Жарас, Сүлеймен Ахмет жəне Мақсат Байсалбеков өнер көрсетеді.
G16 санатында Қазақстанды Елназ Қалиахмет, Мария Холявко, Айару Алтынбек, Асия Асылхан жəне Малика Джаппарбекова білдіреді. Елназ Қалиахмет өз санатының стартық тізімінде бірінші нөмір, Мария Холявко — алтыншы. O16 санатында Сауат Нұрғалиев, Назар Талғатов, Алдияр Жауынбай, Самир Сыздық, Адіжан Есенғали жəне Динмұхаммед Түленділов өнер көрсетеді. Сауат Нұрғалиев стартық тізімде үшінші нөмірден жарысқа шықты.
G18 санатында Қазақстан атынан Зарина Нұрғалиева мен Жания Науанова ойнайды. Зарина Нұрғалиева өз жас санатының стартық тізімінде бірінші нөмір. O18 санатында елді Эдгар Мамедов, Мирас Асылов, Алан Петухов, Асман Баянтас, Сұлтанбейбарыс Думанұлы, Алихан Дəулет, Бейбарс Сұлтанбек жəне Алтайыр Əділбекұлы білдіреді.
Қазақстан құрамындағы ең көрнекті есімдердің бірі — Эдгар Мамедов. Ол O18 санатында өнер көрсетеді жəне турнирдегі екі гроссмейстердің бірі. Мамедов — Қазақстан тарихындағы ең жас гроссмейстер жəне 16 жасқа дейінгілер арасындағы жас ұлдар əлем чемпионы.
«Мұндай мүмкіндік берген Қазақстан шахмат федерациясына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Шахмат өзі өте күрделі ойын. Жетілу үшін, күшею үшін үнемі жаттығып, еңбектену керек. Барлық қарсыластар өте күшті, соларға мейлінше дайындалып барамын жəне жақсы өнер көрсетемін деп үміттенемін. Мен жоғары жас санатында ойнаймын. Мол тəжірибе жинағым, əдемі ойын ойнағым келеді жəне, мүмкіндігінше, жүлделі орын алғым келеді», — дейді Эдгар Мамедов.
15 жасар Айару Алтынбек үшін де Италиядағы əлем чемпионаты маусымның негізгі старттарының бірі болып табылады.
«Бұл əрбір шахматшы үшін өте маңызды турнир, өйткені классикалық шахмат бойынша ең басты əлем чемпионаты осы. Мұнда жақсы ойнау — аса маңызды. Мен өте көп дайындалдым жəне жақсы мүмкіндіктерім бар деп ойлаймын», — деді FIDE əйел шебері, Қазақстан Республикасының бесмəрте чемпионы жəне үшмəрте əлем чемпионы Айару Алтынбек.
Жас спортшыларды ата-аналар да жігерлендіруде.
«Бізді бұл турнирге Қазақстан шахмат федерациясы жіберді. Осындай таланттарды қолдап, оларға мұндай деңгейдегі турнирлерге қатысу мүмкіндігін беріп жүрген Тімур Тұрловқа алғысымызды білдіреміз», — деді Айару Алтынбектің анасы Индира Байтемирова.
Қазақстан өкілдігінің ауқымды болуын турнир ұйымдастырушылары да атап өтуде. Итальяндық халықаралық төреші Марко Бьяджолидің айтуынша, бұл чемпионат ол бұрын қызмет еткен барлық жарыстардың ішіндегі ең ірісі болды.
«Бізде өте жақсы көрсеткіштер мен рекордтық қатысушы саны бар — 750-ден астам ойыншы. Делегация саны да өте көп — 80-нен астам ел. Сондықтан тамаша чемпионат өтуіне барлық алғышарттар жасалған. Мен 2018, 2023 жəне 2024 жылдары жастар арасындағы əлем чемпионаттарында төрт рет жұмыс істедім — ал бұл турнир, сөзсіз, қатысушылар саны жағынан мен көрген ең ауқымды жарыс», — дейді Бьяджоли.
Ол соңғы жылдары Италияның балалар мен жастар шахмат жарыстарын жиі ұйымдастыратынын, ал Қазақстан делегациясының үнемі ең көп санды делегациялардың қатарына кіретінін атап өтті.
«Кейде ол итальяндық делегациядан да үлкен болды. Биыл Қазақстан турнир қожайыны болып табылатын Италия мен Америка Құрама Штаттарымен бірге ең ірі үш делегацияның қатарына кірді. Бұл шахматтың Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін жəне федерацияның балалар мен жастар шахматын дамытуда қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның бірнеше медаль жеңіп алатынына сенімдімін», — деді халықаралық төреші.
Бірінші турда қазақстандық лидерлердің басым бөлігі жеңіске жетті. Айару Алтынбек, Данис Қуандықұлы жəне Сауат Нұрғалиев партияларын тең нəтижемен аяқтады.


