

Coventry University Kazakhstan кампусында 14 елдің және 11 халықаралық ұйымның 43 өкілі бақ сынады. Қатысушылар қатарында елшіліктер мен консулдықтардың, Еуропалық одақ делегациясының, БҰҰДБ, ДДҰ және ФАО-ның, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) хатшылығының қызметкерлері болды. Жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.

Турнирдің бірінші орны мен бас жүлдесін Польша елшілігінің әскери атташесі Славомир Кедзерски жеңіп алды.

Екінші орынды дипломат Марат Ибраимов,
үшінші орынды Германияның Алматыдағы Бас консулдығы қызметкерінің жұбайы Жамбыл Жұпархан иеленді.

Төртінші орынға АӨСШК хатшылығының қызметкері Әлімжан Ахметов,

бесінші орынға АҚШ-тың Астанадағы елшілігінің қызметкері Нұрлан Жумекин тұрақтады.

Әйелдер арасында ең жоғары нәтижені Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Отандастар» қорының өкілі Лашын Жанарбек көрсетті.

Сеньорлар (50 жастан асқандар) арасында Германияның Алматыдағы Бас консулдығының өкілі Юрген Зайц үздік атанды.

Дипломатиялық өкілдіктердің бірінші басшылары арасындағы «Үздік нәтиже» аталымында АӨСШК хатшылығының өкілі, елші Алхиасат Мутаз жеңімпаз болды.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған турнирдің басты мақсаты – дипломаттарға ресми кездесулерден тыс бейресми жағдайда танысып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік беру.

«Бұл – Қазақстан шахмат федерациясының бастамасы. Шахмат түрлі ұлт өкілдерін біріктіретінін көріп жүрміз, сондықтан турнирде достық пен өзара құрмет атмосферасын орнатқымыз келеді. Жыл сайын түрлі елдердің елшіліктері мен консулдықтары зор қызығушылық танытады. Олар шахматты жақсы көреді, тақта басында бәсекелесіп қана қоймай, ортақ тіл де табады», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
«Шахмат пен дипломатия қатар жүреді. Екеуінде де стратегиялық ойлау, нұсқаларды таразылау және келесі жүрістің қандай нәтижеге апаратынын болжау маңызды. Freedom үшін мұндай турнирлерді қолдау үлкен мәртебе. Барлық қатысушыға қызықты партиялар мен сәттілік тілеймін!» – деді Freedom Bank-тің Астанадағы басшысы Ардақ Елеусізов.
Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов шахматтың айрықша ерекшелігіне назар аударды: тіпті алмағайып кезеңдерде де ойын ережесі бәріне бірдей түсінікті, ал қателіктің салдары тақтада анық көрінеді. Университет түрлі шахмат жарыстарына есігін айқара ашып қана қоймай, өзінің Phoenix Chess Cup турнирін де өткізеді. Оның жеңімпазы оқу орнында білім алу грантын иеленеді.
«Біз үшін турнирдің дәл Coventry University Kazakhstan қабырғасында өтуі ерекше маңызды. Университетте дипломатиялық клуб жұмыс істейді, онда апта сайын екі-үш елші студенттерге дәріс оқиды. Ойынға қатысу туралы шақыртуды 14 елшілік қабыл алды. Қатысушылар үшін бұл бақ сынау алаңы ғана емес, сонымен қатар әлемде болып жатқан оқиғаларды талқылап, пікір алмасудың да мүмкіндігі. Шахмат студенттер өмірінің бір бөлігіне айналғанын қалаймыз. Үнемі шахмат ойнайтын студенттердің шешім қабылдауда сенімдірек екенін, стратегиялық ойлауды талап ететін тапсырмаларды жақсы орындайтынын байқап жүрміз. Сондықтан университетте шахматты дамытып, мұндай турнирлерді тұрақты өткізгіміз келеді», – деді Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
Diplomatic Chess Cup 2026 қатысушыларының кейбірінің шахмат тәжірибесі дипломатиялық еңбек өтілінен ұзағырақ болып шықты. Германияның Алматыдағы Бас консулдығының өкілі Юрген Зайц дипломаттар арасында турнирлерді өзі де үнемі ұйымдастырады, сондықтан дайындық жұмыстарының қаншалықты ауқымды екенін жақсы біледі.

«Мен Алматыда дипломаттар арасында шахмат турнирлерін өзім ұйымдастырамын, сондықтан Астанадағы әріптестерімнің қаншама еңбек сіңіргенін жақсы түсінемін. Турнирден түсірілген әдемі суреттерге қарағанда, олардың артында орасан зор жұмыс тұрғанын ұмытпаңыздар. Мені қайта қонаққа шақырғаны үшін Қазақстан шахмат федерациясына алғыс айтамын. Шахматты алты жасымнан, яғни 55 жыл бойы ойнаймын. Бірақ әлі күнге дейін шебер ойнаймын деп айта алмаймын. Дегенмен мен үшін басты мақсат жеңу емес, қызықты адамдармен танысып, жаңа тәжірибе алу», – деді Германияның Алматыдағы Бас консулдығының өкілі Юрген Зайц.
Польшаның Қазақстандағы әскери атташесі Славомир Кедзерски шахматты өзі үшін жай ғана әуестік емес, шынайы қызығушылық санайтынын айтады.

«Бұл – менің Қазақстандағы екінші дипломатиялық турнирім. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәсеке тартысты болғанымен, достық атмосфера сақталады деп ойлаймын. Мен үшін шахмат жай қызығушылықемес, нағыз сүйікті ісім. Көп жылдан бері ойнаймын, бірақ қазір уақыт тапшы. Қазақстанда біршама рейтинг ұпайынан айырылдым, оларды қарсыластарыма сыйға тарттым десем де болады. Әсіресе жастар өте мықты ойнайды. Қазақстанда шахмат қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Осы орайда Қазақстанның әйелдер құрамасын Олимпиадада қатарынан екі рет күміс медаль жеңіп алуымен құттықтағым келеді, бұл – орасан зор жетістік», – деді әскери атташе Славомир Кедзерски.






Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі «Астана» дипломатиялық клубының, Freedom компаниялар тобының және Coventry University Kazakhstan қолдауымен ұйымдастырды.
Суреттер: Қазақстан шахмат федерациясы


