back to top

Қорғалжын ауданында екі жаңа шахмат сыныбы ашылды

Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы

Қорғалжын ауданының жүздеген оқушысы үшін шахмат енді оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналмақ. Аудан орталығындағы екі білім ұясында арнайы жабдықталған шахмат сыныптары есік ашты. Мұнда балалар ойын шеберлігін шыңдап қана қоймай, логикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыта алады.

Қорғалжын мектеп-гимназиясы мен Ақтан Төлеубаев атындағы мектепте ашылған жаңа сыныптар шахмат тақталарымен, фигура жиынтықтарымен және оқу-әдістемелік құралдармен толық жабдықталды. Биылдан бастап қос мектептің бірінші сынып оқушылары «Шахмат негіздері» пәнін оқуға кірісті.

Игі бастаманың жүзеге асуына Қорғалжын өңірінің тумалары – Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов пен Федерацияның өңірлік координация және даму бөлімінің басшысы Дархан Аманкелді ұйытқы болды.

Бұл бастаманың қос азамат үшін де маңызы зор. Дәрмен Сәдуақасовтың атасы Бименде Сәдуақасов Қорғалжын ауданынан шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. Ал Дархан Аманкелдінің атасы Амангелді Ыбырай өмірін ағартушылыққа арнап, ұзақ жылдар бойы аудан мектептері мен аудандық атқару комитетін басқарған, «Қорғалжын ауданының құрметті азаматы» атағын алған. Бүгінде олардың ұрпақтары әулет дәстүрін жалғастырып, туған өңірдің дамуына үлес қосып келеді.

«Білім берудегі шахмат» бағдарламасы Қазақстан шахмат федерациясының негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен бұл жоба төртінші жыл қатар жүзеге асырылып, бүгінде еліміздің 2,5 мың мектебіне енгізілді. Шахмат сыныптарын дәл осы Қорғалжында ашу біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – интеллектуалды ұлт қалыптастыруға қосқан үлесіміз. Осы жерден жаңа чемпиондар шығатынына кәміл сенімдіміз. Ең бастысы – балалардың шахматпен айналысып қана қоймай, сапалы білім алуға, өзін-өзі дамытуға деген ынтасы артады. Өңірлердегі мұндай жүйелі қадамдар Федерация жұмысының ауқымды нәтижесін көрсетеді», – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.

Аудан басшылығы бұл бастама әлі де жалғасын табады деп отыр. Алдағы уақытта аудандағы тағы 11 мектепте осындай арнайы сыныптарды ашу жоспарланған.

«Бүгін ауданымыз үшін маңызды оқиға орын алды. Президенттің шахмат спорты мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында мектеп-гимназия мен А. Төлеубаев атындағы мектепте заманауи сыныптар ашылды. Бұл шахмат бөлмелері балаларымыздың қабілеттерін ұштауға жол ашады. Осы оң тәжірибені аудандағы қалған 11 мектепке тарату және Қорғалжында шахмат спортын жүйелі түрде дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік», – деп бөлісті аудандық білім бөлімінің басшысы Жәнібек Бейлғожин.

Ал Дархан Аманкелді туған өлкеге қолдау көрсету әрбір азаматтың қолынан келетінін атап өтті.

«Әрбір адам туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қоса алады деп есептеймін. Ол үшін ірі кәсіпкер болу шарт емес, туған өңірге, өзің білім алған алтын ұяңа деген ыстық ықылас болса жеткілікті. Қорғалжында шахмат сыныптарын жабдықтау – бұл балаларымыздың болашағына салынған инвестиция. Өскен өлкеге деген құрмет сөзбен емес, нақты іспен дәлелденуі тиіс. Сондықтан әрбір азаматты өсіп келе жатқан ұрпақты мүмкіндігінше қолдауға шақырамын», – деді ол.

Мектеп директорлары Нұрлан Тәжин мен Дәулет Әлімбеков жаңа сыныптар тек сабақ өтуге ғана емес, сонымен бірге үйірме жұмыстарын жүргізуге, мектепшілік жарыстар ұйымдастыруға және жас шахматшыларды даярлауға қолданылатын алаң екенін атап өтті.

Аталған бастама Қазақстан шахмат федерациясы 2023 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Білім берудегі шахмат» республикалық бағдарламасының құрамдас бөлігі. Бүгінде жоба еліміздің 2,5 мың мектебіндегі 133 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР