back to top

Алматыда «Білiм берудегi шахмат» атты халықаралық конференция өтеді

Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы

12–13 қарашада Алматыда Narxoz Университетінде «Білiм берудегi шахмат» IV халықаралық конференциясы өтеді. Ауқымды шара ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет бекіткен Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылуда. Конференцияның басты мақсаты – мектептегі шахмат қозғалысының ауқымын кеңейту, педагогтердің әдістемелік дайындығын жетілдіру жәнешахматты елдің оқу-ағарту үдерісіне жүйелі түрде кіріктіру.

Конференцияға Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) және Қазақстан шахмат федерациясының Президенті Тимур Турлов, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылар қатысады. Спикерлер қатарында: Anzel Laubscher – ФИДЕ «Шахмат білім беру саласында» комиссиясының мүшесі, Оңтүстік Африкадағы білім берудегі шахмат бойынша аға нұсқаушы; Dr. JonathonQuest – Вебстер университетінің шақырылған ассоцияланған профессоры; Ali Abbas – Сирия шахмат федерациясының Президенті, білім берудегі шахмат бойынша FIDE лекторы; Ramon Chalmeta Ugas – Каталония шахмат федерациясының Президенті, білім берудегі шахмат саласының сарапшысы және басқалар.

Конференцияға қатысушылардың басты назарында шахматты оқушылардың когнитивті дағдыларын, сыни ойлауын және математикалық қабілеттерін дамытудың тиімді құралы ретінде зерттеу, сондай-ақ мыңдаған педагогті даярлау мен шахмат бағдарламаларын мектептің оқу жоспарларына енгізудің тәжірибелік мәселелері болмақ. Шахматты әйелдер арасында дәріптеуге және оқу-тәрбие үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге де ерекше басымдық беріледі.

Екі күндік конференция бағдарламасында панельдік сессиялар, заманауи оқыту бағдарламаларының таныстырылымдары және білікті мамандардың шеберлік сыныптары жоспарланған. Онда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, халықаралық сарапшылар, әдіскерлер мен педагогтер қауымдастығы шахматты қазақстандық мектептерге енгізудің аралық нәтижелерін талқылап, одан әрі дамыту бағыттарын айқындайды.

Алдағы іс-шара балалар мен жасөспірімдерге білім беру саласындағы ведомство аралық әрі халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ Қазақстанда зияткерлік спорт түрлерін бұқараландырудың маңызды қадамына айналады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР