back to top

Астанада «Келешек мектептері» республикалық командалық шахмат турнирінің жеңімпаздары анықталды

Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы

Астанада мектеп оқушылары арасында өткен «Келешек мектептері» республикалық командалық шахмат турнирі мәресіне жетті. Бас жүлдені елордалық №117 мектеп командасы жеңіп алды.

Ауқымды додаға еліміздің түрлі өңірінен 24 команда қатысты. Екі күнге созылған зияткерлік сайыста 96 оқушы бақ сынап, командалық және жекелей есепте ең үздіктерді анықтады.

«Қазақстан шахмат федерациясы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен мектеп оқушылары арасында «Келешек мектептері» республикалық турнирін өткізіп отыр. Осы  бастаманы қолдағаны үшін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға алғыс білдіреміз. Бүгінде шахмат «Келешек мектептері» жобасы аясындағы 217 білім ордасының 174-інде оқу бағдарламасына енгізілген. Бурабайдан басталған іріктеу  жарысының қорытынды кезеңіне 20 өңірден келген мектеп командалары жиналды. Әсіресе ауыл мектептерінен келген балалардың қуанышын көру – біз үшін үлкен мәртебе әрі жұмысымызды одан әрі жалғастыруға серпін береді. Сонымен қатар турнирге демеушілік жасаған бас серіктесіміз Freedom Holding Corp. компаниясына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Турнир қорытындысы бойынша І орынды елордалық №117 мектеп құрамасы (Абдиәли Әбішев, Санжар Бақытжан, Әлмир Малик және Марьям Исабай) иеленді. ІІ орын Астанадағы №111 мектеп командасына (Аслан Мешитбаев, Әлихан Әбдірасыл, Иса Айтжан және Кәусар Мустафакул) бұйырса, ІІІ орынды Алматы қаласындағы №215 мектептің оқушылары (Алан Сағади, Жасмин Ілияс, Хазрет Ілияс және Айша Әбілашім) еншіледі.

Облыстық есепте жеңіс тұғырына Абай облысының №51 мектеп командасы (Әділжан Хамитов, Мұхаммед Тұрғанбек, Арыстан Мұрат және Дильназ Идрисова) көтерілді. ІІ орынды Қарағанды облысы №12 мектебінің құрамасы (Саян Ләткен, Ерсайын Кунадилов, Ақжан Сағынтай және Жания Аман) иеленсе, ІІІ орынға Ақтөбе облысынан келген «Сазды ОМ» командасы (Руслан Мартыненко, Тоғжан Кошенова, Самина Кошенова, Толғанай Кошенова) табан тіреді.

Сондай-ақ турнир қорытындысы бойынша жекелей есепте де үздік ойыншылар анықталды.

Тақталар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер:

1-тақта:

Айбарыс Хабыл – Ақмола облысы

Нұрислам Қанатұлы – Түркістан облысы, Ы. Алтынсарин атындағы мектеп

Аслан Мешитбаев – Астана қаласы, №111 мектеп

2-тақта:

Санжар Бақытжанұлы – Астана қаласы, №117 мектеп

Ерсайын Кунадилов – Қарағанды облысы, №12 мектеп

Тоғжан Кошенова – Ақтөбе облысы

3-тақта:

Арыстан Мұрат – Абай облысы, №51 мектеп

Ақжан Сағынтай – Қарағанды облысы, №12 мектеп

Әлмир Малик – Астана қаласы, №117 мектеп

4-тақта:

Айша Әбілашім – Алматы қаласы, №215 мектеп

Гүлжайнар Уахит – Атырау облысы, М. В. Ломоносов атындағы мектеп

Кәусар Мустафакул – Астана қаласы, №111 мектеп

Жарыстың финалдық кезеңі №100 «Келешек мектебі» базасында өтті. Ұйымдастырушылар – ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Қазақстан шахмат федерациясы. Іс-шара Freedom компаниялар тобының қолдауымен өтті.

Республикалық финалға қазан айында ел аймақтарындағы «Келешек мектептерінде» өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары жолдама алды.

««Келешек мектептері» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған. Жобаның басты мақсаттарының бірі – балаларды жан-жақты дамыту. Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп, алғаш рет мектеп және өңірлік іріктеуден өткен үздік командалардың басын қосқан республикалық турнир өткізіп отырмыз. Келешек мектептерінің оқушылары арасында шахматқа деген қызығушылық өте жоғары. Ең бастысы – бұл ұжымдық жарыс. Мұнда әр қатысушы өзі үшін ғана емес, командасы үшін жауап береді. Ойын барысында «мен» емес, «біз» деген ұғым бірінші орынға шығады. Шахмат балаларды бірнеше қадам алға ойлауға, өз шешіміне жауапты болуға және қарсыласты құрметтеуге баулиды. Біз оқушылардың шахматпен және басқа да зияткерлік ойындармен айналысуына барынша жағдай жасауды көздейміз», – деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академияның «Келешек» мектептерін басқару орталығының директоры Ақмарал Жұмықбаева.

Қазақстан шахмат федерациясының Білім беру жобалары департаменті директорының орынбасары Сабыржан Малеевтің айтуынша, «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы «Келешек мектептерінде» жүйелі түрде енгізіліп жатыр. Өткен оқу жылында бұл бағдарлама 26 мектепте қолға алынса, биылғы оқу жылында «Шахмат негіздері» пәні тағы 148 мектепке енгізілді.

«Шахмат бағдарламасы оқушылардың когнитивті қабілеті мен стратегиялық ойлау дағдыларын дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаттықтырушылар мен мұғалімдер балалардың үзілісте смартфонды ұмытып, шахмат ойнап отырғанын жиі байқайды. Бұл қуантарлық жайт. Мұндай дағдылар олардың болашақ білім алу үдерісіне сөзсіз көмектеседі», – деді Сабыржан Малеев.

Қатысушылар үшін бұл финал басқа өңірдегі мықты мектеп командаларымен шеберлік байқасуға мүмкіндік берді.

«Астанадағы жарысқа шақырылғанымызға өте қуаныштымыз. Петропавл қаласында іріктеуден өтіп, №29 мектеп командасын жеңіп, 1-ші орын алдық. Соның арқасында республикалық турнирге жолдама алдық. Әрине, бұл додада да топ жарып, бірінші орын алуды мақсат етіп отырмыз. Мен шахматпен 2019 жылдан бері айналысамын. Бұл спортқа деген сүйіспеншілігім әкем мен атама еліктеуден басталды», – деді Петропавл қаласындағы №27 мектептің оқушысы София Морозова.

«Келешек мектептері» республикалық турнирі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Қазақстан шахмат федерациясының жаңа мектептерде шахмат білімін дамыту бағытындағы жүйелі әріптестігінің жемісті жалғасы болды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР