back to top

Қазақстан кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы

Грузияның Батуми қаласында кадеттер арасында классикалық шахматтан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеде төрт жүлдеге қол жеткізді: бір алтын, екі күміс және бір қола.

Он екі жасқа дейінгі қыздар арасында Милана Филиппова әлем чемпионы атанды. Алиша Бисалиева (10 жасқа дейін) мен Жансая Шолпанбек (12 жасқа дейін) күміс жүлдеге ие болса, 10 жасқа дейінгі ұлдар сынында Ризат Ұлан қола медаль еншіледі.

22-28 қараша аралығында өткен біріншілікте 8, 10 және 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар алты санат бойынша бақ сынады. Әр санатта әлемдік тәжге сегіз спортшыдан бақ сынады. Айналма жүйе бойынша жеті турға созылған бәсекеде әр партияға 90 минут беріліп, әр жүріске 30 секундтан қосылып отырды.

Отандастарымыз әсіресе G12 санатында сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының алғашқы екі сатысын бағындырды. Бұл топта төрт бірдей қатысушы мүмкін болған 7 ұпайдан 4,5 ұпай жинағандықтан, жүлдегерлер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Турнир барысында Милана Филиппова үндістандық екі қарсыласынан басым түсті. Ал Жансая Шолпанбек соңғы үш турда жеңіске жетіп, әлемнің вице-чемпионы атанды.

Он жасқа дейінгі қыздар бәсекесінде Алиша Бисалиева 7 мүмкіндіктен 5,5 ұпай еншіледі (бес жеңіс, бір тең ойын,бір жеңіліс). Отандасымыз Үндістан өкілі, әлем чемпионы Накшатра Гумудавеллиге тек қосымша көрсеткіштер бойынша жол берді.

Ал 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында Ризат Ұлан жарысты бірде-бір рет жеңілмей аяқтады. Ол үш партияда жеңіске жетіп, төртеуін тең аяқтады. Жеті турда 5 ұпай жинаған отандасымыз алтын және күміс жүлдегерлерден небәрі жарты ұпай қалып, үздік үштікті түйіндеді.

Әлем біріншілігінде ел намысын барлығы жеті шахматшы қорғады. Рамазан Төлеген (O12) мен Аделина Нұрханқызы (G10) өз жас санаттарында төртінші орын алып, жүлдеге бір табан жетпей тоқтады. Аслан Ендібаев (O8) жарысты жетінші орынмен қорытындылады.

Осылайша, әлем чемпионатында жеті қазақстандық спортшының төртеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР