back to top

Қазақстан шахматтан түркі елдерінің алғашқы чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

Сурет: Қазақстан шахмат федерациясы

Түркістандағы Karavansaray қонақ үйінде классикалық шахматтан түркі елдері арасындағы тұңғыш жекелей чемпионат өз мәресіне жетті. Ел қоржынына Павел Коцур, Пётр Костенко, Денис Махнёв және Елназ Қалиахмет жүлде салды.Бәсеке ерлер, әйелдер және ардагерлер арасында үш санат бойынша өтті. Ерлер мен әйелдер 14 турдан, ал ардагерлер 7 турдан ойнады. Ойыншыларға әр партияға 45 минут және әр жүріске 30 секундтан уақыт қосылып отырды.

Ерлер мен әйелдер турнирлері FIDE Circuit 2026-2027 және FIDE Women’s Circuit 2026-2027 кезеңдеріне енгізілген. Бұл додалардың нәтижесі әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне іріктеу кезінде есепке алынады.

Ардагерлер сайысында жеңіс тұғырының алғашқы екі сатысы қазақстандық гроссмейстерлерге бұйырды. Соңғы екі турда қатарынан жеңіске жеткен Павел Коцур 7 мүмкіндіктен 5 ұпай жинап, осы санаттағы тұңғыш чемпион ретінде жарыс тарихына енді. Күміс жүлдені жуырда Сербияда өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Пётр Костенко иеленсе, үздік үштікті мажарстандық Аттила Цебе түйіндеді.

Ерлер додасында жүлдегерлер есімі соңғы турға дейін белгісіз болды. 14 мүмкіндіктен 9 ұпай еншілеген әзербайжандық гроссмейстер Ниджат Абасов бас жүлдені жеңіп алды. Шешуші турда түркіменстандық Аманмухаммет Хоммадовты тізе бүктірген қазақстандық гроссмейстер Денис Махнёв 8,5 ұпаймен күміс медальға қол жеткізді. 8 ұпай жинаған түркиялық Арда Чамлар қола жүлдені қанағат тұтты. Тағы бір отандасымыз Сауат Нұрғалиев 7,5 ұпаймен бесінші орынға табан тіреді.

«Мұндай форматтағы турнирге бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Өткен жолы ойыным сәтсіз болғанымен, біраз тәжірибе жинадым. Жарыс соңына қарай бәрі шаршайтынын білгендіктен, бастапқы кезеңде барымды салуды ұйғардым. Қарсыластарым менен бес-он жас кіші, жарыс соңында олардың күші көбірек болатыны анық еді. Сондықтан алғашқы айналымда көп партияда жеңіске жетіп, көш бастадым да, сол басымдықты соңына дейін сақтап қалдым. Қазақстанға нешінші рет келгенімнен жаңылып та қалдым, мұнда әрдайым ерекше көңіл күймен келемін. Біз бауырлас, тату елдерміз. Қазақстанда дарынды шахматшылар өте көп, таяу болашақта олар талай биікті бағындыратынына сенімдімін», – деді ерлер арасындағы чемпион Ниджат Абасов.

Әйелдер турнирінде 14 мүмкіндіктен 10 ұпай жинаған Әзербайжан өкілі Говхар Бейдуллаева чемпион атанды. 9,5 ұпай иеленген мажарстандық Даваадэмбэрэлийн Номин-Эрдэнэ күміс жүлдеге қол жеткізді. 16 жастағы қазақстандық шахматшы Елназ Қалиахмет 8,5 ұпаймен қола медаль жеңіп алды. Тағы бір жерлесіміз Зарина Нұрғалиева 8 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қыркүйекте Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Елназ бен Зарина Қазақстан әйелдер құрамасы құрамында күміс жүлдегер атанған болатын. Сонымен қатар Елназ өз тақтасында үздік нәтиже көрсетіп, жекелей сында алтын медаль олжалаған еді. Бұл жас спортшылардың мансабындағы алғашқы Олимпиада.

«Бұл — қатарынан қатысып жатқан үшінші турнирім, сондықтан аздап ауырлау соқты. Күніне екі турдан, барлығы 14 партия ойнадық. Қарсыластарым өте мықты әрі жастары да менен үлкен болды, сол себепті жарыс оңайға түскен жоқ. Дегенмен үшінші орынға дән ризамын. Бастапқы рейтинг бойынша екінші нөмірлі ойыншы болсам да, қола жүлде жақсы көрсеткіш деп есептеймін», – деді Елназ Қалиахмет.

Осылайша, Қазақстан құрамасы чемпионаттың үш санатында да жеңіс тұғырынан көрінді.

Түркістанда 20-27 қараша аралығында өткен додаға жеті елден 24 шахматшы қатысты. Олардың қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесі бар Мажарстан өкілдері бар. Әр ел барлық санатқа бір-бір ойыншыдан қосса, ұйымдастырушы ел ретінде Қазақстан әр турнирге екі спортшыдан шығарды.

Ерлер мен әйелдер турнирлерінің жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрады, ал ардагерлер сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Чемпионатты Қазақстан шахмат федерациясы мен Түркі шахмат қауымдастығы ҚР Туризм және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігі және Freedom компаниялар тобының қолдауымен ұйымдастырды.

Түркі шахмат қауымдастығы (Turkic Chess Association, TCA) 2025 жылы FIDE қамқорлығымен құрылып, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстан шахмат федерацияларын біріктірді. 2026 жылы қауымдастыққа төрағалық ету тізгіні Қазақстанға өтті.

Штаб-пәтері Түркістан қаласында орналасқан ұйымның басты мақсаты — түркі елдерінің шахмат федерациялары арасындағы әріптестікті нығайту, бірлескен чемпионаттар өткізу, бірыңғай шахмат академиясын құру, жаттықтырушылар мен төрешілер даярлау және шахмат білімін дамытуда өзара тәжірибе алмасу.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР