back to top

Алматыда балалар арасындағы шахматтан әлем чемпионаты басталды.

88 елден 850-ден астам жас шахматшы чемпионатқа қатысуда. Бүгін Алматыда 6 жастан 12 жасқа дейінгі балалар арасындағы шахматтан әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қазақстан бұған дейін бірнеше рет балалар және ересектер арасындағы ең жоғарғы деңгейдегі халықаралық шахмат жарыстарын, соның ішінде әлем чемпионаттарын және ерлер арасындағы әлем чемпионы атағына матчтарды қабылдаған болатын. Барлық осы турнирлерге Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) жоғары баға бергендіктен, Қазақстан шахмат федерациясына (KazChess/ҚФШ) кезекті ірі турнирді – 2025 жылғы кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатын (FIDE World Cadet Chess Championships 2025) қабылдау құқығы берілді.

Балуан Шолақ атындағы Спорт және концерт кешенінің басты аренасында 19–30 қыркүйек аралығында өтетін чемпионаттың ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, FIDE президенті Аркадий Дворкович және KazChess/ҚФШ президенті Тимур Турлов қатысты.

Чемпионат қонақтары мен қатысушыларын қарсы алған ҚФШ президенті Тимур Турлов ерекше атап өтті:
«Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздің тарихындағы ешбір спорттық оқиға мұншалықты ауқымды қатысушыларды жинамаған. Бұл – қазақстандық шахмат және еліміз үшін нағыз тарихи сәт. Біз қонақтарды тек ұйымдастырушы ретінде ғана емес, әлемдегі ең мықты шахмат державаларының бірі және турнирдің басты фавориті ретінде қарсы алып отырмыз».

Салтанатты ашылуда қазақстандық танымал әртістердің ән-би өнері көрсетілді. Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны және FIDE гимні шырқалды.

Көшербаев, Сатыбалды, Дворкович және Турлов шахмат тақталарына келіп, символикалық алғашқы жүрістерді жасады. Олар U12 санатындағы Тумело Лвеньека (Замбия) — Данис Қуандықұлы (Қазақстан) және Жансая Шолпанбек (Қазақстан) — Эмма Чжоу (Австралия) партияларын бастап берді.

Жүргізушілер чемпионатты ашық деп жариялады, сөйтіп бірінші тур басталды.

Жалпы 19–30 қыркүйек аралығында классикалық уақыт бақылауымен (90+30: әр ойынға 90 минут және әр жүріске алғашқы жүрістен бастап 30 секунд қосылады) швейцариялық жүйе бойынша 11 тур өтеді.

11 тур қорытындысы бойынша әлем чемпиондары, күміс және қола жүлдегерлер анықталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алты жас санатында – ұлдар (Open) және қыздар (Girls) арасында: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.

25 қыркүйек – демалыс күні. Бұл күні жас спортшылар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсияға шыға алады (онда 20 шілдеде Халықаралық шахмат күніне орай орнатылған арт-объект – Minecraft стиліндегі шахмат ат бейнесі бар), сондай-ақ есеп шығару бойынша әлем чемпионатына және 2000 АҚШ доллары жүлде қоры бар блиц-турнирге қатысады.

Ақпараттық ресурс: https://kazchess.kz/

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР