Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев УЕФА атқару комитетінің мүшесі және соңғы Чемпиондар Лигасының жеңімпазы «Пари Сен-Жермен» клубының басшысы Нассер Әл-Хелаифимен елдегі футболдың дамуын талқылады, деп хабарлайды Sportinform.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан басшысы Әл-Хелаифиге футболдың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, бәсекелестік ортаны қалыптастыру туралы айтты.
«Мемлекет басшысы футбол клубтарын жекешелендіруге байланысты елде басталған өзгерістерді еске салып, футболды дамыту мәселелеріне тоқталды», – деп нақтылады Ақорда.
Бұған дейін Тоқаев қазақстандық футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдетуге шақырған болатын. Алғашқы төрт клуб болжамды иелерінің иелігіне көшкен еді.
Нассерге келетін болсақ, Әл-Хелайфи бірнеше спорттық ұйымдардың басқару органдарына кіретін ықпалды катарлық кәсіпкер. Астанаға ол Premier Padel әлемдік кәсіби турының төрағасы ретінде келді.
Естеріңізге сала кетейік, Qatar Sports Investments 2011 жылы Францияның «Пари Сен-Жермен» футбол клубы акцияларының 70 пайызын сатып алған болатын. Содан бері Хелайфи клубтың басшысы қызметін атқарып келеді.
Өткен жылы ПСЖ алғаш рет Еуропа футболындағы басты титулды — Чемпиондар Лигасын жеңіп, финалда миландық «Интер» командасын 5-0 есебімен жеңді.
Бүгін Петропавлдың «Қызыл-жар» футбол клубының баспасөз қызметі команданың еліміздегі алғашқылардың бірі болып жекеменшікке ауысқанын хабарлады.
Материалды дайындаған: Алмас АСЫЛБЕК


