
Іле Алатауының бөктерінде 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионы Флюра Хасанованың кубогына арналған «Маралсай – 2026» халықаралық балалар шахмат турнирі басталды. Бұл дода Қазақстан балалар кубогы – 2026 кезеңдерінің алтыншысы болып табылады, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.

Флюра Хасанова – қазақстандық шахматшы, әйелдер арасындағы гроссмейстер және FIDE халықаралық төрешісі. 1983 жылғы 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионы. Қазақстан құрамасы сапында бес рет Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасына (1992, 1994, 1996, 2000 және 2004 жылдары) қатысқан. 2001 жылы FIDE халықаралық төрешісі атағын алды. Айта кетерлігі, бұл жолы Флюра Хасанованың өзі 6-шы кезеңнің бас төрешісі атанады. Ал турнирдің өзі осымен 20-шы рет ұйымдастырылып отыр.

«Маралсай» турнирінің өткізіліп келе жатқанына көп жыл болды. Күндердің бір күнінде турнирдің негізін қалаушылардың бірі Марзия Ысқақова маған: «Флюра, турнирді сенің атыңмен атау керек», – деді. Мен ол кезде ыңғайсызданып, ұялатынымды айттым. Бұл, бәлкім, біздің кеңестік кезден қалған менталитетіміз шығар. Ал ол болса: «Қалайша ұяласың? Сен әлем чемпионысың, бұл энергияны балаларға беру керек», – деді. Тәуекел етіп, шешім қабылдадық. Бүгінде турнирге қатысушылар мен оның түлектері арасынан қаншама әлем және Азия чемпиондары шыққанын көргенде, мұның қаншалықты маңызды болғанын түсінесің. Мен «Маралсайдың» бай тарихын мақтан тұтамын. Биыл турнир 20-шы рет өтуде. Биз бұл жолды бастағанда бәрі де тек азаматтық ынта-жігерге сүйенген еді. Бүгінде Қазақстанда күшті әрі мықты шахматшылардың көптігін көріп, ерекше қуанамын. Қазіргі таңда, көбіне Тимур Турловтың қолдауының арқасында, өте көп турнирлер өткізіліп, жаңа чемпиондар шығып жатыр», – дейді турнирдің бас төрешісі Флюра Хасанова.

Турнир 18-24 тамыз аралығында Алматы іргесіндегі «Маралсай» демалыс үйінде өтеді. Жарысқа 6 мен 14 жас аралығындағы 200-ге жуық жас шахматшы қатысуда.
Дәстүр бойынша осы кезең аясында швейцариялық жүйемен «жылдам классика» 60+30 уақыт бақылауымен (әр жүріске 1-ші жүрістен бастап 30 секунд қосыла отырып, партияға 60 минут) 9 турдан туратын екі жекелей турнир өтеді:
– А турнирі (14 жасқа дейінгі жас санаты – 2012 жылы туған және одан кіші балалар үшін), 1-ші және 2-ші разрядты шахматшылар жіберіледі, ал 3-ші және 4-ші разрядтылар аға жаттықтырушылардың өтінішхаты бойынша қатыса алады;
– Б турнирі (10 жасқа дейінгі жас санаты – 2016 жылы туған және одан кіші балалар үшін), шахматшылар дәрежесіне қарамастан жіберіледі.
Сондай-ақ командалық есеп те жүргізіледі: бір өңірден мәлімделген төрт қатысушы бойынша, оның ішінде А және Б турнирлерінен бір ұл және бір қыздан кіреді. Турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Латвия және Тәжікстанның жас шахматшыларының қатысуы жарысқа халықаралық деңгей береді.
«Біз үшін бұл – ерекше турнир. Біз бұған бірінші жыл қатысып отырған жоқпыз. Мұнда таза ауа, әдемі табиғат, ал атмосфераның өзі балаларға бір уақытта демалуға да, бақ сынауға да, яғни пайдалыны сүйікті іспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Меңің балаларым бұл турнирге алғаш қатысқанда, ұлым 6 жасқа дейінгі санатта, ал қызым 8 жасқа дейінгі санатта чемпион атанған еді. 2018 жылдан бері олар жыл сайын осы жерге келеді. Қазір ұлым 14 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетіп жатса, қызым Қазақстан құрамасына енді және дәл қазір Венгриядағы Open турнирінде ойнауда», – деді классикалық шахматтан әйелдер арасындағы Қазақстанның 2025 жылғы чемпионы Елназ Қалиахметтің әкесі Ақын Қалиахметұлы.

Әр жас санатында абсолютті жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, қыздар арасындағы үздік үштіктер де анықталады. Кезеңнің жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайды.
«Маралсай – 2026» халықаралық балалар шахмат турнирін Қазақстан шахмат федерациясы Алматы қаласы әкімдігінің, Freedom компаниялар тобының, сондай-ақ «Шин-Лайн» компаниялар тобының, «Маралсай» отбасылық және корпоративтік демалыс кешенінің, Zigi Zagi, RAMS Qazaqstan, BUTA Group, BI Group құрылыс компанияларының қолдауымен өткізеді.
«Freedom-да біз шахматты дамытуға және цифрландыруға үлкен көңіл бөлеміз, бұған көп уақыт, күш пен қаражат жұмсаймыз. Соңғы бірнеше жылда шахматты қолдауға 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Бұл біз үшін, ең алдымен, жастарға, интеллектуалды спортқа салынған инвестиция, балалардың дамуына және Қазақстанды әлемдік ареналарда лайықты деңгейде танылуына берілген мүмкіндік. Мұндай турнирлер мен іс-шаралар шахматтың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Біз Freedom атынан осы үдерістің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз және шахматтың тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде дамуы үшін, ал жас чемпиондарымыздың есімдері танымал бола түсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – дейді Freedom Bank атқарушы директоры Ялкунчан Ганиев.

«Маралсай – 2026» турнирі Қазақстан балалар кубогының алтыншы кезеңі. Қазақстан шахмат федерациясы ересектер арасындағы көпкезеңді Қазақстан кубогымен қатар Балалар кубогын өткізіп келе жатқанына осымен төртінші жыл болды. 2026 жылы ол алты кезеңді және 1-13 желтоқсан аралығында Астанада өтетін финалды камтиды.


