back to top

Ақтөбеде 21 елден келген 210 ойыншының қатысуымен халықаралық шахмат фестивалі басталды

2026 жылдың 3-11 маусым аралығында Ақтөбеде «Владимир Дворковичті еске алу – Aktobe Open 2026» халықаралық шахмат турнирі өтуде. Жарысқа əлемнің 21 елінен – Армения, Əзербайжан, Болгария, Қытай, Хорватия, Англия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Норвегия, Румыния, Ресей, Словения, Сербия, Швеция, Тəжікстан, Түрікменстан, Түркия, Украина жəне АҚШ-тан 210 қатысушы жиналды.

Турнир ұйымдастырушылары: Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ), Қазақстан Республикасы Туризм жəне спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы жəне Ақтөбе облысының əкімдігі. Жарыстың бас серіктестері – Freedom Holding Corp. жəне Ақтөбе мыс компаниясы. Турнир серіктестері: Herbalife жəне Қазақстан теннис федерациясы. Жарыс өтетін орын – Мəңгілік Ел көшесі, 2 мекенжайында орналасқан «АСЕ» теннис орталығы.

Фестиваль өзара тəуелсіз екі жарыстан тұрады: Masters турниріне рейтингі 2400 жəне одан жоғары 81 шахматшы қатысса, Open турнирінде рейтингі 2400-ге дейінгі 129 ойыншы сынға түседі. Екі турнир де швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан өткізіледі, уақыт бақылауы – классикалық (90+30). Masters турнирі FIDE Circuit 2026-2027 қатарына енген.

Жалпы 210 қатысушының арасында 25 халықаралық гроссмейстер (GM) жəне əйелдер арасындағы 1 халықаралық гроссмейстер (WGM) бар. Үздік ойыншылардың көшін Ван Хао (Қытай, рейтингі 2684) мен Андрей Есипенко (ФИДЕ, 2684), сондай-ақ 2023 жылғы Еуропа чемпионы əрі Aktobe Open — 2025 жеңімпазы Алексей Сарана (Сербия, 2668), рапидтен 2018 жылғы əлем чемпионы Даниил Дубов (2649), 2018 жылғы Еуропа чемпионы Иван Шарич (Хорватия, 2624), Александр Предке (Сербия, 2616) жəне Антон Демченко (Словения, 2611) бастап тұр.

Қазақстан намысын гроссмейстерлер Денис Махнёв (2551), Қазыбек Нөгербек (2513), Рамазан Жалмаханов (2478) жəне Эдгар Мамедов (2464) қорғайды.

Masters турнирінің кепілдік берілген жүлде қоры 45 млн теңгені (шамамен 90 000 АҚШ доллары) құрайды, оның ішінде жеңімпаз 9 млн теңге (шамамен 18 000 доллар) иеленеді, ал Open турнирінің жүлде қоры – 5 млн теңге (шамамен 10 000 доллар), мұнда бірінші орын үшін 1,35 млн теңге (шамамен 2700 доллар) қарастырылған.

«Владимир Дворковичті еске алу – Aktobe Open 2026» турнирі ерлер мен əйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогы жарыстарының тізбегін ашады. Kazakhstan Chess Cup 2026 турнирінің финалы ең мықты 12 ойыншының қатысуымен 1–13 желтоқсан аралығында өтеді. Жарысқа бүкіл саналы ғұмырын шахматқа арнаған халықаралық төреші

Владимир Яковлевич Дворковичтің есімі берілуі турнирдің мəн-маңызын арттыра түсті. Салтанатты ашылу рəсімінде оның ұлы, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович сөз сөйледі: «Бұл турнирдің мен үшін орны бөлек. Əкем шахматқа бүкіл өмірін арнады. Ол төреші, ұйымдастырушы жəне осы ойынға шын ғашық жан болды. Жыл сайын деңгейі артып, мықты ойыншыларды жинап жатқан доданың оның есімімен аталуы, əкемнің аруағына деген ең үлкен құрмет. Ойыншылар тізіміне қарап, турнирдің ауқымы өсіп келе жатқанын көруге болады. Жарыстың жылдан-жылға беделі артып жатқаны қуантады. Бұл – шахматшылардың осы жерге келгісі келетінінің айқын белгісі. Бүгінде Қазақстан шахматтың даму қарқыны бойыншаəлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Мұнда инфрақұрылым салынып, жоғары деңгейдегі турнирлер өтіп жатыр, жас ойыншылар тəрбиеленуде. Бұл құр сөз емес – бұл көпжылдық жүйелі жұмыстың жемісі жəне Aktobe Open соның айқын көрінісі».

Жарыстың өңірлік билік тарапынан белсенді қолдау тауып отырғанын ерекше атап өткен жөн. Ашылу салтанатында Ақтөбе облысының əкімі Асхат Шахаров қатысушыларды құттықтады: «Ақтөбе өңірі үшін мұндай деңгейдегі халықаралық жарысты қабылдау – үлкен мəртебе əрі зор жауапкершілік. Биыл фестивальге əлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып отыр. Қатысушылар құрамының жылдан-жылға күшеюі турнирдің халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы интеллектуалды спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Шахмат – жастарды білімге, тəртіпке жəне табандылыққа тəрбиелейтін маңызды спорт түрі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да қолдай береміз», – деді Ақтөбе облысының əкімі Асхат Шахаров.

Аймақ басшысы сондай-ақ турнирдің Владимир Дворковичтің есімімен аталуында ерекше мəн бар екенін атап өтті. Кезінде еңбек жолын Ақтөбеде бастаған көрнекті халықаралық арбитрдің мұрасын дəріптеу — шахматтағы дəстүр мен сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Турнирдің ішкі құрылымы мен оның қазақстандық шахматқа тигізер пайдасы туралы Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дəрмен

Сəдуақасов баяндап берді: «Aktobe Open əлдеқашан аймақтық турнир деңгейінен асып түсті. Əлемдік деңгейдегі гроссмейстерлер бұл жерге мақсатты түрде келеді, өйткені мұнда ұйымдастыру жұмыстарының жоғары, құрамның мықтылығын жəне шахматқа деген көзқарастың салмақты екенін жақсы біледі. Бірақ біз үшін тағы бір жайт өте маңызды. Біз турнир форматын əртүрлі деңгейде жұмыс істейтіндей етіп жүйеледік. Masters кезеңінде рейтингі 2400-ден жоғары қазақстандық жас ойыншылар əлемдік элита гроссмейстерлерімен тоғыз партия ойнайды – бұл ешқандай оқу-жаттығу жиыны алмастыра алмайтын мектеп. Ал Open турнирінде аймақтардан келген шахматшылар мүмкіндікке ие болады. Олар өз үйінде отырып-ақ халықаралық деңгейдегі мықты бəсекеге түседі. Сол үшін осындай ауқымды турнирлерді өткізудің мəні зор. Ақтөбе биыл шахмат əлемінің нағыз тартылыс орталығына айналды. Бұл – ҚР Туризм жəне спорт министрлігінің, Қазақстан шахмат федерациясының, Ақтөбе облысы əкімдігінің жəне барлық серіктестердің бірлескен үлкен жұмысының нəтижесі. Осы дəстүрдің нығайып келе жатқанын көру үлкен қуаныш».

Осымен алтыншы рет өтіп жатқан Aktobe Open турнирі Қазақстанда шахматты дамыту өңірлерді жүйелі қолдаудан басталатынын айқын дəлелдейді. Мемлекет, федерация, жергілікті билік пен серіктестер бір бағытта жұмыс істегенде, əлемдік деңгейдегі турнирлер тек ірі орталықтарда ғана емес, бұған мақсатты əрі дəйекті түрде жағдай жасалған өңірлерде де бой көтереді. Дəл осындай тəсіл жекелеген жарысты игі дəстүрге, ал дəстүрді тұтас бір аймақтың өсу нүктесіне айналдырады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР