
Өскемен қаласында «Oskemen Open 2026» шахмат фестивалі аяқталды. Тоғыз күн ішінде 900-ге жуық партия ойналды. Сайысқа 199 спортшы қатысты, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
Masters турнирінің жеңімпазы әрі 9 млн теңге жүлдесінің иегері болып 24 жастағы Андрей Есипенко (FIDE) атанды. Екінші орынды Полина Шувалова (FIDE), үшінші орынды Давид Паравян (FIDE) еншіледі. Қазақстандық шахматшылар арасында ең үздік нәтижені 17 жастағы Даниял Сапенов көрсетіп, 12-ші орынға тұрақтады.
«Турнир өте тартысты өтті. Бұл – биыл Қазақстанда классикалық шахматтан қатысқан екінші турнирім. Алғашқысы шамамен бір жарым ай бұрын Ақтөбеде өткен еді. Онда нәтижем төмендеу болып, жетінші орын алған едім. Ал бұл турнир, жалпы алғанда, өте сәтті өтті. Төрт кездесуде тең түсіп, бес партияда жеңіске жеттім. Әрине, турнирде топ жарған кезде ерекше әсерде боласың. Әсіресе, көшбасшы болып келе жатып, жеңісті қолдан бермеу маңызды болған соңғы партиялар өте толқынысты өтті», – деп әсерімен бөлісті жеңімпаз Андрей Есипенко.
Алғашқы 15 орынды иеленген шахматшылардан бөлек, арнайы номинация жеңімпаздары да марапатталды:
– Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат және Әлішер Сүлейменов Қазақстанның үздік үш ойыншысы ретінде марапатталды;
– Максим Матлаков пен Денис Махнёв – Эло 2500–2599 рейтинг санатындағы үздік екі ойыншы;
– Александр Усов пен Роман Кезин – Эло 2400–2499 рейтинг санатындағы үздік екі ойыншы;
– Артём Бардык пен Назар Талғатов – Эло 2300–2399 рейтинг санатындағы үздік екі ойыншы;
– Лия Құрманғалиева, Әсел Серікбай және Шубхи Гупта әйелдер арасындағы үздік үштік атанды.
Masters турнирінде 16 елден келген 77 шахматшы күш сынасты, оның ішінде 22 халықаралық гроссмейстер (GM), әйелдер арасындағы 1 халықаралық гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар. Ал Open турниріне 122 спортшы қатысты.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 50 млн теңге (100 000 АҚШ доллары). Masters турнирінің жүлде қоры 45 млн теңгені, ал Open турнирінің жүлде қоры 5 млн теңгені құрады. Қос турнир де швейцариялық жүйе бойынша 9 тур аралығында, классикалық уақыт бақылауымен (90+30: бірінші жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосылатын 90 минуттық партия) өтті.
Open турнирінде Шымкенттен келген 22 жастағы Әбілмансұр Әбділхаиыр бірінші орынды иеленді. Екінші орын Арыстан Исанжуловқа (Семей), ал үшінші орын Владислав Малыгинге (Павлодар) бұйырды.
«Турнир тартысты өтті. Ең шешуші сәт сегізінші кезеңде болған сияқты. Партияның басында, шыны керек, басымдықты қарсыласыма беріп қойған едім, бірақ ол бұны байқамады. Сондықтан жеңілдеп қалып, ойынды әрі қарай жалғастырып, жеңісті жұлып алдым. Қарсыластарым өте мықты болды: халықаралық шеберлер мен ФИДЕ шеберлері бақ сынасты», – дейді Әбілмансұр Әбділхаиыр.
«Oskemen Open 2026» ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан 2026 жылғы Қазақстан Кубогінің екінші кезеңі. Ақшалай жүлдеден бөлек, алғашқы 20 орынды иеленген қатысушылар Кубок есебіне ұпай жинайды. Үшінші, қорытынды кезең 12–20 қазан аралығында Атырауда өтеді. Ал финал желтоқсан айында Астанада ұйымдастырылады.
«Бұл – біздің үшінші Кубогіміз. Өздеріңіз білетіндей, Oskemen Open біз үшін дәстүрлі турнирге айналды. Өңіріміз пен облысымыз үшін бұл өте маңызды жоба, өйткені балаларымыздың халықаралық гроссмейстерлердің ойынын көріп, олармен бірге тақтада бақ сынасуына мүмкіндігі бар. Бұл Кубок одан әрі дамып, жыл сайын қатысушылар саны арта түседі деп үміттенеміз», – деді ШҚО Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Алекс Кудинов.
Өскемендегі бұл фестиваль қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр. Турнир Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, ШҚО әкімдігінің, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Үстел теннисі орталығының, Freedom компаниялар тобының, Grand Games мен Grand Mobile, Kazzinc, Qyzyq, Arzu және Emil компанияларының қолдауымен өтті.


