Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде (QyzPU) жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған «Бастауыш сынып балаларына шахмат үйрету әдістемесі» бағдарламасы бойынша оқыту курсы өтті.
Курстың мақсаты – «Шахмат педагогы» MINOR бағдарламасы бойынша болашақ педагогтарды оқыта алатын білікті кадрларды даярлау. Оқуды аяқтағаннан кейін тыңдаушыларға еліміздің жоғары оқу орындарында «Шахмат педагогы» курсынан сабақ беруге құқық беретін ресми сертификаттар табысталды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) осы бастаманы жүзеге асыру және жоғары білім беру жүйесінде шахматтық білім беруді дамыту бағытындағы стратегиялық серіктесі болып табылады. Қазақстан шахмат федерациясы әзірлеген «Шахмат педагогы» MINOR бағдарламасы барлық педагогикалық білім беру бағдарламаларының студенттеріне арналған. Бағдарламаның өзектілігі бастауыш сынып оқушыларына шахматты үйретіп, оқыта алатын білікті педагогтерді даярлауға деген қажеттіліктің артуымен байланысты.
Бүгінгі таңда бағдарлама Қазақстанның 7 жоғары оқу орнында сәтті енгізілді: М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті және Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті (олардың 5-еуінде студенттерді оқыту 2025 жылдың қыркүйегінен бастап жүргізілуде). Жаңа 2026–2027 оқу жылынан бастап KazChess-пен бірлескен жобаға ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап студенттерді даярлауға тағы 3 жоғары оқу орны қосылады. Олар: С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.
Өткізілген оқу курсы KazChess білім беру экожүйесін кеңейтудегі маңызды қадам және ол барлық серіктес жоғары оқу орындарын бағдарламаны сапалы іске асыру үшін қажетті кадрлық әлеуетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


