
Қазақстанның шахматтарды дамытудағы экожүйелік тəсілі спорттың элитасын сапалы дайындауға мүмкіндік беріп қана қоймай, спортты қоғам өміріне терең интеграциялауға да септігін тигізеді. Бұл пікірді Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) Бас директоры Эмиль Сутовский білдірді.
«Курсив» басылымына берген сұхбатында ол əртүрлі елдердің ұлттық шахмат федерацияларының жұмыс əдістері, əдетте, ұқсас екенін атап өтті. Алайда көбіне бір бағытқа басымдық беріледі: ресурстар не элитаны дайындауға, не жаппай шахматты дамытуға жұмсалады.
Э. Сутовскийдің сөзіне сүйенсек, бұл «кері» əсерлерге əкеледі: бірінші жағдайда — елдегі жалпы шахмат базасының тарлығы, екінші жағдайда — рейтингтік чемпиондарды тəрбиелеуде үзілістер болады.
«Қазақстандық тəсілдің артықшылығы — осы екі полюстің арасынан таңдау жасатпайды, сондықтан болжамды жоғары нəтиже береді. Сіздің елде шахмат спорттық жеңістер əкеледі жəне сонымен бірге білім беру, мəдениет пен əлеуметтік өмірге енген. Экожүйе бүкіл циклді тұйықтайды», — деді FIDE Бас директоры.
Ол Қазақстан шахмат федерациясы «экожүйелік əдістің» тиімділігін нақты нəтижелермен дəлелдегенін атап өтті: 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар халықаралық турнирлерде 162 медаль жеңіп алған, оның 64-і алтын медаль болып, бұл өте жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар шахмат мектептер мен өңірлерге келіп, қоғамдық кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналды.
«Осының бəріне қарап, қазақстандық тəжірибені жоғары бағалаймын. Ол басқа федерациялардың назарын аударуға лайық жəне бұл үлгі жаһандық ауқымда таралатын болса, біз тек қуанамыз. Қазақстан өз тəжірибесімен бөлісуге құлшыныс танытып, көршілерін де өзімен бірге ілгерілетіп жатқаны қуантады», — деп түйіндеді Эмиль Сутовский.


